2024 жылғы 12 шілдесінен Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Дәстүр -халық рухы. Дала қазынасы» атты көрмесі ашылады. Экспозиция музей қорынан Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманның сәндік-қолданбалы өнерінің 60-тан астам туындысын ұсынады.
Көрме еліміздің бай мәдени мұрасымен танысуға бірегей мүмкіндік береді және қазақтың халық қолөнершілері мен әр ұрпаққа жататын сәндік-қолданбалы өнердегі кәсіби суретшілердің жұмыстарымен таныстырады. Оған музей қорындағы сирек экспонаттар кіреді, көпшілігі алғаш рет қойылып отыр. Олардың ішінде киіз, тоқылған және кестеленген кілемдер, гобелендер, ат-әбзелдері, ағаш, тері, металл шеберлерінің туындылары бар.