2024 жылғы 12 шілдесінен Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Дәстүр -халық рухы. Дала қазынасы» атты көрмесі ашылады. Экспозиция музей қорынан Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманның сәндік-қолданбалы өнерінің 60-тан астам туындысын ұсынады.
Көрме еліміздің бай мәдени мұрасымен танысуға бірегей мүмкіндік береді және қазақтың халық қолөнершілері мен әр ұрпаққа жататын сәндік-қолданбалы өнердегі кәсіби суретшілердің жұмыстарымен таныстырады. Оған музей қорындағы сирек экспонаттар кіреді, көпшілігі алғаш рет қойылып отыр. Олардың ішінде киіз, тоқылған және кестеленген кілемдер, гобелендер, ат-әбзелдері, ағаш, тері, металл шеберлерінің туындылары бар.
Тоқылған кілем - Шығыстың көшпелі және жартылай көшпелі халықтарының материалдық мәдениетінің ең жоғары жетістігі. Оның ою-өрнегінде ежелгі мифтердің жаңғырығы, адамдардың сиқырлы және діни бейнелері, ғасырлар бойы жинақталған қоршаған әлем туралы бейнелеу әсерлерінің орасан зор қоры сақталған.
Киіз кілемдері монументалды және көркем түсті. Олар киіз басу арқылы жасалған. Киіз кілемдердің тағы бір түрі – сырмақтарда – мозаика мен кірістірулер, түрлі-түсті бау мен мата бар аппликация қолданылған. Киізден жасалған бұйымдардың ою-өрнегі мүйізді ою-өрнектің әр түрлі нұсқалары – байлықтың, береке мен асқақтық символы – қошқар мүйізі өрнегі басым.
Көшпелілер мәдениетінің маңызды атрибуттары ат-әбзелдері болып табылады. Қазақтың ата-бабалары ертеде жабайы дала жылқыны қолға үйретіп, атқа мінуді меңгерген. Қазақ халқы үшін күміспен, алтын жалатылған, жартылай асыл тастармен әшекейленген ат-әбзелдер иесінің абыройын, әлеуметтік жағдайын білдіретін болған.
Экспозицияда тағы бір тұтас бөлімі қабырғаға кестеленген түскиіздерге арналған. Киіз үйдің сәндік безендірілуінде олар төрден құрметті орнын алып, отбасылық бақыт пен амандықты бейнелейді. Түскиіздермен қатар, суретші Зейнелхан Мұхамеджанның халық кестесі мен станоктық композиция дәстүрлерін шебер үйлестіретін авторлық панносы ұсынылған.
Қазіргі сәндік-қолданбалы өнердің ең кең таралған және басым түрлерінің бірі гобелен болып табылады. Көрмеде оған арналған жеке экспозиция бар. Қазақстандағы гобеленнің тарихы 1937 жылы, «Кілемші» артелінің жанынан ашылып, 11 жыл жұмыс істеген гобелен шеберханасынан бастау алады. Қазақстандық гобелен мектебінің келесі даму кезеңі 1970 жылдардың бірінші жартысына жатады және тоқыма бойынша арнайы білім алған суретшілердің шығармашылығымен байланысты. Осы кезеңде гобеленнің дамуына кескіндеме айтарлықтай әсер етті. Гобеленде күрделі кеңістіктік және колористикалық міндеттер шешіледі, көпфигуралық, тақырыптық, ал кейінірек абстрактілік композициялар жасалады.
Ұсынылған экспонаттар қазақ қолөнершілерінің шеберлігінің жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, ұрпақтан ұрпаққа берілетін сан ғасырлық дәстүрлердің символы болып табылады. Бұл қазіргі заманғы мәдениет тұрғысынан халық өнерін сақтау мен зерделеудің маңыздылығын көрсетеді.
Көрме 2024 жылдың 30 тамызына дейін жалғасады.
Куратор: Баженова Наталия-Қ
азақстанның сәндік-қолданбалы өнері бөлімінің басшысы