2024 жылдың 12 қаңтар күні сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде суретші Бәйтенов Мәжит Садықұлының 75 жылдығына орай «Ұлы дала аңыздары» атты мерейтойлық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
«Ұлы дала аңыздары» атты көрмеге суретшінің 75 кескіндемелік туындылары ұсынылады. Туындылар қылқалам шеберінің тәуелсіздік жылдарынан кейінгі, басым бөлігі соңғы бес жылдықтағы және бұл туындылар шығармашылығының бір бөлігі болып табылады. Тақырыпқа сай ұлы даланың аңыздары ұлттық ерекшеліктер мен дәстүрлі дүние танымы автордың көзқарасы арқылы суреттелген. Суретшінің авторлық қолтаңбасына түстік түзілімінің қанықтығы, жазықтықтың нұсқалық түрленуі, фактуралық үйлесім, стилизация және пішіндердің трансформациялануы тән. Шебердің «Түрленуден қорықпаймын» - деген қанатты сөзі жаңа эксперименттерге дайындығын және ішкі көпқырлы ұмтылысын көрсетеді.
Мәжит Байтенов суретші-график, кескіндемеші, өнертану доценті, С. Сейфуллин атындағы Каз АТУ профессоры, ҚР көркемсурет Академиясының академигі, ҚР СО мүшесі және Халықаралық Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі. Ол 1949 жылы 21 маусымда Петропавл (Қызылжар) қаласында дүниеге келген, шығармашылық ғұмырының біраз жылын Қарағанды қаласында өткізіп, қазіргі таңда Астана қаласында тұрады. 1965-69 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Н.В. Гоголь (қазір О.Таңсықбаев ат. Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі) атындағы көркемсурет училищесін бітірген. В. Лебедев, А. Бортников және Б. Тәбиев сынды озат суретшілерден дәріс алған. 1976 жылдан КСРО СО мүшесі. 1972 жылдан көптеген халықаралық, республикалық көрмелердің қатысушысы, 2005 жылы осы өнер ошағында «Балбалтас» және 2019 жылы «Ұлы дала сыры» атты жеке шығармашылық көрмесін өткізген болатын.
Көрмеде таныстырылатын «Күлтегін», «Азиямен қауышу», «Жағажайдағы демалыс», «Саукеле», «Қобызшы» және т.б. туындылары кескіндемелік сызықтар мен таңбалық сызықтар арқылы түрлі бояулы жағындылармен ізденген кескіндемелі қолтаңбаны байқайсыздар. Мысалы, «Азиямен қауышу» туындысында таңбалық жағындылар арқылы тақырыптық сұлбаларды енгізген. Бір қарағанда түсініксіз болып көрінетін туындылары суретшінің қалыптасқан кубизмдік стилінің таңбалық-сызықтық әдіске трансформацияланғанын байқауға болады.
Мәжит Байтенов ескі мен жаңаның арасындағы көпір секілді. Суретші қалыптасқан қолтаңбасы арқылы ұлы даладағы аңыздарды, философиялық ойларды және рухани үдерістерді кенеп бетіне түсіруден жалыққан емес. Ұлттық нақыштағы терең философиялық және шығармашылық ізденіске толы әлемі көрмеде орын тапты. Жарқын бояулар мен түркі әлемінің таңбалары суретшінің кенеп беттерінде ерекше көрініс табуда.
Мәжит Байтенов - еліміздің аға буын суретшілер арасында қазақ өнеріне өнегелі үлес қосып жүрген, дамылсыз еңбек етуден жалықпайтын нағыз ізденісшіл қылқалам шебері.
Көрме ақпан айының 11-не дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі: Ақжігіт Нүсіп