2024 жылдың 23 қаңтар күні сағ. 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойына арналған «Sanat» өнер білім орталығының «Әбілхан Қастеев ізімен» атты көрмесінің ашылуы өтеді.
«Sanat» өнер білім орталығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен 2021 жылдың 1 мамырынан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру» реформасы аясында жұмыс жасап отырған білім мекемесі. Орталық негізін қалаушы дәстүрлі әнші, Мәдениет саласының үздігі Исаев Санат Ауғанбайұлы. Орталықта сурет салу және кескіндеме үйірмесі бойынша 4-18 жас аралығындағы жүзден астам шәкірт білім алуда. Оқушылардың үздік жұмыстары «Алматы Балаfest» фестивалі аясында өткен «Жасыл Алматы» байқауында, сондай-ақ көптеген Халықаралық, Республикалық конкурстарда жүлделі орындар алуда.
Көрменің мақсаты – болшақ жас суретшілердің бойына дара талант иесі, ұлы суретші Әбілхан Қастеев шығармашылығына құрмет сезімін ұялатып, ұлттық болмысты қадірлеу сынды құндылықтарды сіңіру, оқушылардың өнерін шыңдап, шабыт беру.
Көрмеге «Sanat» өнер білім орталығы жас суретшілерінің 130-дан астам жұмыстары қойылады. Сонымен қатар, көрме экспозициясына орталықтың ұстаздары, суретші Боданова Қарлығаш Қартанбайқызының «Ә.Қастеевтің портреті», Қазақ ұлттық дизайн академясының академигі, суретші Нақыпова Сандуғаш Қабылтайқызының «Пейзаж» атты еңбектері қойылады.
Көрменің ашылу салтанатында «Sanat» өнер білім орталығының жас суретшілерінің туындылары ұсынылған «Әбілхан Қастеев ізімен» атты 2 – фотоальбомының тұсауы кесіледі. Фотоальбом орталықтың жас болашақ суретшілері Әбілхан аталары сияқты талантты суретші болып, халқымыздың бай мұрасын, әсем табиғатын қылқаламмен суреттеп, ұлылар ізін жалғаса деген ниетпен «Әбілхан Қастеев ізімен...» деп аталды. Сонымен қатар, аталмыш салтанатты іс-шарада орталықтың өнерлі шәкірттерінің өнерін тамашалауға болады.
Өнер сүйер қауымды болашақ жас суретшілердің көрмесіне шақырамыз!
Көрменің куратор: Айдымбаева Ақмарал