Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде 2023 жылдың 21 шілде күні сағат 16:00-де Медицина қызметкерлеріне арналған «Өзгенің жаны үшін жаным пида» атты республикалық көрме ашылады.
Республикалық көрмеге еліміздің: Алматы, Алматы облысы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Тараз, Шымкент өңірінен 40-тан астам суретшілер қатысады. Көрме экспозициясына 50-ге жуық кескіндеме, графика, мүсін, қолданбалы өнер туындылары ұсынылады.
Аталмыш республикалық көрмені Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Яблоневая палитра» кәсіби суретшілер қоғамы ұйымдастыруда. Көрме медицина саласындағы белгілі дәрігерлердің бейнесі мен олардың баға жетпес еңбегін, негізгі қызметін көрсету мақсатында ұйымдастырылады. Бұл Қазақстанның бейнелеу өнері саласында жаңа жоба, сонымен қатар бұндай жоба соңғы 40 жыл ішінде болмағандығын анық айтуға болады. Аталмыш жоба аясында суретшілер өз туындыларында денсаулық пен бейбітшілік үшін арпалысқан дәрігерлердің күрделі еңбектерінің тарихы мен маңызды фактілерін баяндай келе, ұтымды, үйлесімді жұмыс жасау қажеттігі туындап отыр.
Көрменің ерекшелігі: Қазақстанның әрбір өңірінен қатысқан суретшілер 2020 жылы әлемде болған СOVID-19 пандемиясы кезінде, сондай-ақ медицинаның әрбір саласының мамандарының өмір мен өлім арасына араша түсіп, өз жанын пида еткен және аянбай табан тіресе күрескен еңбектері әртүрлі жанрда көрініс табуы. Суретшілер тақырыпқа байланысты өз креативті ой-тұжырымдарын мейлінше айқындап, авторлық стиль мен тақырыптық, композициялық концептуалды шешімдерін реалистік, абстракциялық, авангардтық, минимализмдік, концептуалдық мәнердегі көркемдік идеяларын кеңінен танытады.
Көрме экспозициясына ұсынылған туындылардың композициялық және коллориттік шешімдері, уақыт пен кеңістік болмысындағы динамикалық үндестіктегі үйлесімі, сюжеттердегі адам және оның жеке тұлғасы мен қызметін ерекше көрсетеді. Олардың шынайы мәнін айқындап, қарым-қатынас психологиясына терең енуге мүмкіндік береді. Суретшілердің тақырыпқа байланысты өзіндік жеке көзқарасы, түсінігі мен шыншылдығы көрінеді. Әсіресе, сюжеттік композицияда қаламгерлер оқиғаның шын мәнінде көрінбейтін шындығын жеткізе білген. Сонымен қатар, экспозициядағы туындылардан медицина саласының қалыптасуы мен даму кезеңдері, тарихы, бүгінгі және ертеңгі ақиқаттың серпілісіне сендіретін сюжеттер болашаққа үміт сезімін сыйлайды.
Көрме жетекшісі: Жуваниязова Гүлнар,
Әбілхан Қастеев ат. ҚР МӨМ-нің «Педагогика және жобалау қызметі» бөлімінің жетекшісі