Оқиғалар

Болат Ахметовтың «Болатты кескіндеме» атты еске алу көрмесі

2023 жылы 20 шілдеде сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі суретші, архитектор және музыкант Болат Ахметовтың «Болатты кескіндеме» атты еске алу көрмесі ашылады.

Болат Ахметов (1952-2022)-Қазақстандық суретші, архитектор, музыкант, сәулетшілер одағының мүшесі, Алматы сәулет-құрылыс институтының түлегі, КазРеставрацияда сәулетшілік қызмет атқарып – Айша Бибі, Қожа Ахмет Яссауи кесенелерін қайта қалпына келтіруге қатысқан. Алғашқы маңызды жұмыстарының бірі Гипрогордағы пионерлер және оқушылар сарайы. Сонымен қатар, кескіндеме және музыкалық туындылар жазумен айналысқан.

Көрмеге суретшінің соңғы жылдардағы кескіндемелік таулы пейжаздардан тұратын он алты жұмыс қойылған. Тақырып Тянь-Шань тауларындағы көрікті жерлерге бағытталған. Болат Ахметовтың «Болатты кескіндеме» атты еске алу көрмесі жер шарындағы ең сұлу саналатын шыңдар мен мұздықтарға арналған.

Табиғат алуан түрлі ерекшелікке бай сұлу жаратылыс. Әсіресе таулардың әсем көрінісі адам жанын тебірентетін құбылыс. Таулардың алып тастары, қыраттары, биік қарлы шыңдары кескіндемелік әдістерсіз ақ көркем. Сондықтан да Болат Ахметовтың гиперреалистік таулы пейзаждары табиғаттың өзіндік көркемдігіне артық нәрсенің керексіздігін дәлелдейді. Ол осы сериялық жұмыстарында  Тянь-Шань мұздықтары мен шыңдарын жазған. Бейнелеу өнерінің негізгі қағидасы сұлулыққа ұмтылу. Ал таулардың ең сұлу жерлері – биік шыңдары болып саналады. Қысқаша айтқанда, тау шыңына ұмтылу сұлулыққа ұмтылумен бірдей.

Суретшінің туындыларында алдыңғы пландағы белгілі бір шыңның тура бейнесі тамашалауға ыңғайлы деңгейінде орындалып, ерекше бұлттармен үйлескен. Көкжиексіз  көк аспанмен араласып ұлылық сезімін ұялатады. Басты назарда қыратты шыңның түстік түзілімі нақты, қайталанбас пішіндер, қатаң бұрыштар және ойнаңқы жарық-көлеңкені көресіздер. Мысалы «Озерный шыңы» картинасында дәл ортада суық ақ-қоңыр түсті шыңның басты бейнесін және де айналасы қалың қарлы таулармен жалғасып, жоғарғы жағы аспанмен таласып тұрғандай әсер береді. Күнге шағылысқан қарлардың суық түстерін қоңыр тасты шыңдармен үйлестіріп жазған. Таулы шыңның ауалық кеңістігі үйлесімділіктісақтап тұрады.

Болат Ахметовтың тау тақырыбын қатты сүйгені көрмедегі шығармалардан көрініп тұр. Таулардың алыптығы, жан-жағымен үйлесуі артық-кемсіз салтанаттығы көрермендерді баурамай қоймас. Бұл тек табиғи тұрғыдан ғана емес, тұлғалық тұрғыдан да тақырыптық мінезге ұмтылыстың көрінісі. Мұздықтарды жазудағы гиперреалистік тәсілді ұтымды таңдаған бірегей суретшінің дүниеден өткеніне міне биыл бір жыл толуда.

Экспозиция тамыз айының 20-на дейін жалғасады.

Көрме жетекшісі – Дарын Жиенбаев

WhatsApp-Image-2023-07-17-at-144730
WhatsApp-Image-2023-07-17-at-144731
WhatsApp-Image-2023-07-17-at-144732
WhatsApp-Image-2023-07-17-at-144733
WhatsApp-Image-2023-07-17-at-144734-1
WhatsApp-Image-2023-07-17-at-144734