2022 жылдың 26 қазан күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде суретші Тұрбай Мұратбектің SÚR-AQ атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
ТҰРБАЙ Мұратбек 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2006 жылы О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін, 2011 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын тәмамдады. 2012-2016 жылдар Түркияның Анкара қаласында Гази университетінде тағылымдамадан өтті. 2021 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің «станокты кескіндеме» мамандығы бойынша магистратурасын бітірді. 2009 жылдан республикалық және халықаралық көрмелерге қатысушы. 2012 жылдан бері О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде ұстаздық қызмет атқарып келеді. Бірнеше оқу құралдарының авторы.
SÚR-AQ – бұл Тұрбай Мұратбектің алғашқы жеке көрмесі. Экспозицияға суретшінің отызға жуық кестелері қойылған. Олар түрлі әдіс-тәсілдерде, бірқатары аралас техникада болса, ал басым бөлігі Мұратбектің инемен кескіндеме жазудың өзі ойлап тапқан жаңаша авторлық тәсілінде орындалған. Кестеленген туындылар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнердің ерекшеліктерін біріктіре отырып, суретшінің нәзік көркемдік талғамы мен жоғары шеберлігін паш етеді. Автор кесте өнеріне деген қызығушылығының пайда болуы жайлы былай дейді: менің туған әпкем Айжан өнеріме көп әсер етті. Ол тоқыма бөлімін тәмамдаған, Раушан Базарбаеваның шәкірті. Оның шығармашылығын көріп өстім, жіптерді алуан түстерге бояп және оларды орап көп көмектестім. Одан батик жасауды үйрендім. Негізі мен шығармашылық жолын сәндік өнер мен графикадан бастаған едім, бірақ кескіндеме маған әрқашан қызық болғандықтан магистратураға кескіндеме бөліміне түстім. Сол себепті де бүгінгі шығармашылық жұмыстарым кесте мен кескіндеменің бірігуінен туындаған.
Кесте – кескіндемеге жақын өнердің ерекше түрі. Бүгінде ежелгі өркениеттерге белгілі болған кесте тігу жаңа сипатта дами түсіп, салттық-мистикалық емес, эстетикалық функцияны орындайды. Мұратбек кесте тігуді тек қолөнер деп атауға жеткіліксіз, бұл адамзатты түрлендіретін, қуаныш пен шаттық сыйлайтын сиқыр деп санайды. Әрбір кестеленген туынды интерьерге сән беру үшін ғана емес, оның қандай да бір шағын оқиға немесе суретші өмірінің көрінісі болып табылады. Осы орайда автор өзінің рухани әлеміне тән, гармония мен жылулыққа толы отбасы, балалар, табиғат әлемі («Кие», «Ұя», «Самғау», «Киелі ағаш») және күнделікті тыныш өмір («Кір», «Бақташы бала») сюжеттеріне құралған күрделі композицияларды жасайды. «Балмұздақ», «Бастау», «Жаңалық», «Шөбере» және «Таң» туындылары жұмысты орындаудағы дәлдігімен және зергерлік ұқыптылығымен таң қалдырады, тіпті қаншалықты жақын қарасаң да, тігіс іздерін байқай алмайсың. Бейне бір түрлі-түсті жіптермен емес, бояулармен салынған секілді әсер қалдырады.
Көрменің атауы бірнеше мағынаны береді: «SÚR-AQ» – яғни, сұр және ақ түстердің қосындысы, шартты түрде біздің сұр өмірімізге ақ бояуды қосу болса, екінші жағынан сұрақ-вопрос-question өмірдің өзі жауабы жоқ, құпиясы шешілмейтін сұрақтарға толы.
Көрме 2022 жылдың 24 қарашасына дейін жалғасады.
Көрме кураторы – Мамытова Самал