Оқиғалар

Жас суретші Асқар Нұрболаттың «OSHAQ» жеке көрмесі

2021 жылдың 19 қараша күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде жас суретші Асқар Нұрболаттың OSHAQ атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Көрмеге суретшінің отыздан астам кескіндемелік туындылары қойылған. Көрме 2021 жылдың 9 желтоқсанына дейін жалғасады.

Кез келген жеке көрменің негізгі мақсаты – суретшінің шығармашылығын мүмкіндігінше толық көрсете отырып, зейінді көрерменді ол жасаған тақырыптардың шеңберіне шығару. Жас суретші Асқар Нұрболаттың көрмесінде осы тақырыптардың ең бастысы отбасы, отбасылық құндылықтар және күнделікті өмір тынысы болды. Нұрболат үшін жанұя – адам жан-дүниесінің қалыптасуының негізі. Суретшінің ойынша, туған ұяң ішкі әлем мен жеке көзқарасты, тіпті адамдардың келешек тағдырын анықтайды. Өйткені, отбасы – бұл махаббат, жеңіс және адамдардың рухани байлығы.  

Суретшіні әрдайым күнделікті өмірді ерекше мағынамен толтыратын қарапайым өмір сюжеттері қызықтырды. Автордың алғашқы жұмыстарынан бастап оның қызба, әрі көңілді қабылдауы секілді суретшінің өзіндік ерекшелігі айқын көрінеді. Нұрболаттың кескіндемесі – бейнелі кескіндеме мен импрессионизмнің ерекше қоспасы, ол өзіне ұнайтын көріністерді жиі өзгертеді, «жылы» мен «суық» түстерді айқын түрде салыстыра, түрлі-түсті контрасттарды қолдана отырып түс «дыбысын» арттыруға тырысады. Оның туындыларындағы сағымнан бас тартуға композициялық шешімдер, фактураның түрлілігі және ірі жағыстардың ырғағы әсер етеді. Кескіндемешінің көрмеге ұсынған шығармаларымен алғашқы танысқаннан бастап – адал көзқарас, үлкен сенім, боямасыз махаббат, тыныштыққа кенелген ойдың дәлелі сынды өнердің күшін сезіне аламыз. Суретші адам жанына қажетті жылулықты, сенім мен мейірімді «Ошақ», «Ана мен бала», «Немере», «Әңгіме», «Ою» және басқа да жұмыстарында арқау етеді. «Ақ дастархан» және «Төртеу» туындысында дастархан басында отырған отбасы бейнеленген. Композициядағы жұмсақ жылы түстер жайлылық пен жылулықты беріп қана қоймай, сондай-ақ адамдардың рухани байланысын, бір-біріне деген ілтипат сезімдерін ашып көрсетеді.

Көрмедегі ең үздік жұмыстардың қатарында «Қайыңды», «Бозжыра», «Кешкі Астана», «Суалма», «Талтүс» пейзаждары, онда Нұрболат күн сәулесі мен ауаны беруде барынша тазалық пен қарқындылыққа қол жеткізеді.

Қысқаша өмірбаян:

АСҚАР Нұрболат 1993 жылы Кентау қаласында дүниеге келген.

ҚР Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

2014 – Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжін бітірді.

2010 жылдан қалалық, республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы.

2016 – XIX Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Гран-при иегері.

2019 – Қазақ ұлттық өнер университетін «станокты кескіндеме» мамандығы бойынша бітірді. Б. Әсемқұл мен А. Орақбайдың шәкірті.

2021 – Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасын тәмамдады.

oshaq-002
oshaq-001
oshaq-003
oshaq-004
oshaq-005
oshaq-007
oshaq-006
oshaq-008