Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі Георгий Макаровтың «Парақтар» атты көрмесін ұсынады. Ретроспективті экспозиция 2000-шы жылдардың басынан бастап қазіргі уақытқа дейін жасалған 100 – ден астам туындыларды қамтиды. Олардың арасында көрерменге таныс, жақсы көретін және мүлдем жаңа туындылар бар.
2024 жылғы 14 наурызда сағат 16.00-де вернисаж, 15.00-де Георгий Макаровпен бірге баспасөз туры өтеді.
Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде өтетін Георгий Макаровтың көрмесі «Парақтар» деп аталады. Көрме идеясын суретші былайша айқындайды: «Адам әлемге келгенде өмір бойы толтыратын таза парақтары бар «Өмір кітабын» алады. Біреулер оны оңай әрі еркін жазады, ал басқалары қайта жазып, түзетіп, жыртып, парақтарын желімдеп біріктіруге мәжбүр болады... Сонымен, суретші бүкіл шығармашылық жолында өз кітабын жасайды, жазады, өзі ойлап тапқан әлемнің – ғажайыптарға, тәжірибелерге, ойларға, бейнелерге толы әлемнің хикаяларын салады. Әр шығармашылық кезең, бұл кітаптың жаңа беті, әр сурет –суретші жасаған осы әлемге келген жаңа кейіпкер.