2025 жылдың 9 сәуірі күні сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі қазақстандық суретші, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі Иван Стадничуктың (1913-2000) 112 жылдығына арналған жеке көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозицияда отбасылық коллекциядан, сонымен қатар Әбілхан Қастеев атындағы ҚР МӨМ қорынан автордың 50-ден астам кескіндемелік, акварельдік туындылары ұсынылады.
Суретші шығармашылығы – көрерменіне жарқын да, қуанышқа толы әсер сыйлайтын тұтас әлем. Өткен күн мен бүгінді тоғыстырған көп түсті палитрамен біріктірілген композицияларындағы әртүрлі көңіл-күй бейнеленген портрет, пейзаж, натюрморттардың барлығы табиғат пен алуан түс әсемдігімен жарысқандай сезім қалдырады. Қылқалам түсірген әрбір бояуда суретшінің жігерлі сезімі мен шабыттардың тұтас үйлесімділігі сезіледі.