2024 жылдың 12 қаңтар күні сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде суретші Бәйтенов Мәжит Садықұлының 75 жылдығына орай «Ұлы дала аңыздары» атты мерейтойлық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
«Ұлы дала аңыздары» атты көрмеге суретшінің 75 кескіндемелік туындылары ұсынылады. Туындылар қылқалам шеберінің тәуелсіздік жылдарынан кейінгі, басым бөлігі соңғы бес жылдықтағы және бұл туындылар шығармашылығының бір бөлігі болып табылады. Тақырыпқа сай ұлы даланың аңыздары ұлттық ерекшеліктер мен дәстүрлі дүние танымы автордың көзқарасы арқылы суреттелген. Суретшінің авторлық қолтаңбасына түстік түзілімінің қанықтығы, жазықтықтың нұсқалық түрленуі, фактуралық үйлесім, стилизация және пішіндердің трансформациялануы тән. Шебердің «Түрленуден қорықпаймын» - деген қанатты сөзі жаңа эксперименттерге дайындығын және ішкі көпқырлы ұмтылысын көрсетеді.