Оқиғалар

Алматылық суретші Светлана Какоткинаның «Өмір иірімдері» көрмесі

2021 жылдың 14 қаңтар күні сағат 16:00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында алматылық суретші Светлана Какоткинаның «Өмір иірімдері» көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеге тушь, қаламұш техникасында орындалған 34-тен астам графикалық жұмыстар қойылған.

Светлана Какоткина 1979 жылы Алматыда дүниеге келген. Болашақ суретшіге бала кезінен ата-анасы сурет салуға деген сүйіспеншілікке баулыды, бұл оның мамандық таңдауында көрініс тапты. «Классикалық өнер гимназиясын» бітіргеннен кейін, ол сәулет институтының дизайн кафедрасына түседі. Институтта оқу қызықты әрі оқиғаға толы болды, көптеген көрмелер мен байқауларға қатысу Светлананы шығармашылық ізденіске итермеледі. Светлананың айтуынша, институт оқытушылары одан үлкен шығармашылық болашақ күте отырып, жаңа бастап жүрген суретшіні дайындауға көп еңбек, күш және сенім жұмсады. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін, Светлана Какоткина көркемөнер мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. Бұдан бөлек, суретшінің жарнамалық агенттіктер мен журналдарда дизайнер, иллюстратор және беттеуші ретінде тәжірибесі бар. Кейінірек Светлана интерьерге, үйлердің құрылысы мен жөнделуіне қызығушылық танытты, осылайша өзінің қызмет аясын интерьер дизайнеріне дейін кеңейтті. Осы орайда, оның интерьерлік жұмыстары  «Ideas», «Элитный дом»  және т.б.сияқты журналдарда жарияланған.  

Көпқырлы шығармашылық қуат алуан түрлі қайраткерлік мен ізденістерді талап етті, сондықтан Светлана ҚазБСҚА-да сәулетші мамандығы бойынша екінші диплом алуға шешім қабылдады.  

Сонымен қатар, Светлана Какоткина өлең жазады. Өлеңдер жинағына иллюстрациялар жасау суретшіні Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде дебюттік жеке көрмесін өткізуге рухтандырды. Алайда Светлана Какоткинаның ұжымдық көрмелерге, оның ішінде «Кач» («Cook» галереясы, 2002) көрме жобасына қатысу тәжірибесі бар.

Графикалық техникасы әр түрлі болғанымен, Светлананың сүйікті материалдарының бірі – тушь, қаламұш. Оның туындылары сызықша, нүкте, дақ пен сызықтар негізінде жасалған. Автор үшін сызық – суретшіні толғандыратын күйлер мен эмоцияларды жазықтықта бейнелеудің негізгі тәсілдерінің бірі. Сызықтар шығармалардың негізгі композициясын құрайды, олар дәлме-дәл Светлана Какоткинаның қылқаламымен өмірге келеді және кескінделген бейнелерді өзінің пластикасымен жандандырады. Түсімен толықтырылған тік, диагоналды, ұшатын сызықтар олардың жанды екендігінің, шынайылығының дәлелі, бұл көрерменге тиімді әсер етеді.

«Бақшадағы көктем», «Алматы аспаны», «Аурухана терезесінен қарағандағы әлем» сияқты пейзаждық жұмыстар, сондай-ақ «Түймадақтар», «Раушандар», «Қашқаргүлдер мен зәйтүндер» гүлдер композициясының топтамасы сезімдер мен жеке қобалжулардың үйлесіміндегі табиғаттың жарқын көрінісіне баса назар аудара отырып, пейзаж лирикасы болып көрінеді. Туындыларда көктем күнінің әуезді дыбыстары пайда болады, дала гүлдерінің хош иісі сезіледі, құстардың үні естіледі - мұның барлығы көрерменнің қуаныш сезімін оятын табиғат күйлері туралы. Егер Светлана Какоткинаның сюжеттік суреттерінде өмір мен болмыс тақырыбындағы философиялық толғаныстар мен авторлық пайымдарды байқасақ, лирикалық мазмұндағы шығармаларында композиция мен формалардың ықшамдылық үйлесімділігі айқын көрінеді.