Ә. Қастеев ат. ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстан бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Н.Г. Хлудовтың туғанына 175 жыл толуына арналған (1850-1935) суретші туындыларының «Азия аспаны астында» көрмесі ашылды.
Дарынды суретші әрі педагог ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Н. Хлудовтың жұмыстары тарихи дәйектілігімен және дәстүрлі қазақ ауылдарындағы барлық ірілі-ұсақты көріністерді этнографиялық дәлдікпен бере алуымен ерекше. Экспозицияда портреттер, тұрмыстық картиналар, сондай-ақ суретшінің Қазақстан мен Орта Азияны аралаған экспедициясында жазған пейзаждары бар. Зерттеушілердің айтуынша, Н. Хлудов «Қазақстанда келіп-кеткен қонақ болған жоқ, ол кескіндемеде Қазақстанды бейнелеп көрсетуге» өзінің барлық көркемдік күшін салды. Суретші осы міндетін өмірлік мақсат етті». Көрмеге Ә. Қастеев ат. ҚР МӨМ қорындағы суретшінің әр жылдары салған 50 кескіндемелік жұмысы қойылды.
Н. Хлудов 1850 жылы 25 қарашада Орел губерниясында дүниеге келді. Одесса сурет салу мектебі мен Петербургтегі жеке көркемсурет шеберханаларында бастауыш көркемсуреттік білім алды. Қазақстанға 1877 жылы келді. Жетісу облыстық басқармасында сызбашы, кейіннен жер өлшеуші болып жұмыс істеді. Хан Тәңірі шыңын зерттеу бойынша геолог И. Игнатьев пен ботаник А. Красновтың экспедициясына (1886), Верныйдағы жер сілкінісін зерттеу бойынша профессор И. Мушкетовтың экспедициясына (1887) қатысты; Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі, Орыс География қоғамы Жетісу бөлімінің құрылтайшысы болды. 1920 жылдан Верный қаласында графикалық өнер үйірмесінің жетекшісі, ал 1921 жылдан Верный ғылыми-көркемсурет шеберханасында кескіндеме және сурет класының педагогы болып қызмет атқарды. Хлудовтың студиясына оқуға Ә. Қастеев, С. Чуйков, А. Бортников, Г. Брылов, А. Мартова, Н. Соловьев және т.б. келіп үйренді. Қазақстанды аралап жүріп, суретші сол жердің табиғатының алуан түрін суреттеген сандаған этюдтер мен суреттемелерді дүниеге әкелді. Н. Хлудовтың өзі: «Менің туындыларымның көбісі 1884 жылдан бастап жазылды, мен өз туындыларыма ештеңе қосқан да жоқпын, олардан ештеңе алған да жоқпын, нобайларымды шынайы табиғатқа қарап салдым» деп жазды.
Бұл көрме өзінің бар күші мен дарынын Қазақстан мәдениетінің дамуына арнаған тамаша шебердің бірегей шығармашылық мұрасымен танысуға мүмкіндік береді. Н. Хлудовтың шығармалары Мәскеу, Санкт-Петербург, Бішкек, Алматы музейлері мен жеке коллекцияларда сақтаулы. Оның көркем мұрасының ең едәуір бөлігі – 211 кескіндемелік туындысы Алматыдағы Қазақстанның Орталық Мемлекеттік музейінің қорында