2024 жылдың 6 қараша күні сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақ КСР Халық суретшісі, Ш. Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану кандидаты, Ұлы Отан соғысының ардагері НАҒЫМБЕК НҰРМҰХАММЕДОВТЫҢ «СУРЕТШІ ЖӘНЕ ҒАЛЫМ. ДӘУІР БЕЙНЕЛЕРІ» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Сағат 15:00-де БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-туры өтеді. Сонымен қатар, Нұрмұхаммедовтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуде суретші тұрған үйде мемориалдық тақта ашылады және дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Қылқалам шеберінің туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық көрме суретшінің негізгі туындыларын ұсынады. Нұрмұхаммедов қырық жылға жуық шығармашылығында артында үлкен мұра қалдырды. Үздік туындылары оны кең тақырыпты, ауқымды көзқарасты суретші ретінде танытады.
Көрнекті кескіндеме шеберінің шығармашылығы ауқымды да сан алуан – портреттер, пейзаждар, жанрлық композициялар - өз заманының көркем бейнесін көрсетеді. Оның өмірбаяны сан түрлі оқиғаларға толы. Суретші Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, орден-медалдар иегері, көп саяхаттаған, қоғамдық өмірде өте белсенді болған, өнер туралы кітаптар жазған. Н.Нұрмұхаммедовтың жасаған барлық істерінде әрдайым елге, өз халқына, оның өмірі мен салт-дәстүріне деген сүйіспеншілік сезімі болды.
Суретшінің «М.В. Фрунзенің Самарқандтағы жасақтары алдында сөйлеген сөзі» (1953), «Д.А. Фурманов Верный қаласындағы халық жасақтары арасында» (1954-1958) атты алғашқы жұмыстарынан ақ, дарындылығын байқауға болады. Ол өзін сюжеттік кескіндеменің жетілген шебері ретінде танытты және республиканың бейнелеу өнеріндегі тарихи кескіндеменің дамуына лайықты үлес қосты.
1959 жылы Теміртауға жасаған сапарының әсерінен туындаған «Қазақстан Магниткасында» атты жұмыстар топтамасында сол кезеңнің шынайылығы көрініс тапқан. Сайын далада елдің көз алдында қуатты металлургиялық зауыт салынып, жаңа Теміртау қаласы бой көтеріп жатқаны, әрине, әсерлі болды. Оның шығармалары қарапайым да ғажап адамдар туралы, олардың өз жерімен ажырамас байланысы туралы әңгіме іспетті.
Әсіресе, Әскери-теңіз флотына арналған жұмыстар сериясы суретшіге ерекше қымбат және оның өмірбаянының бір бөлігі болды. Ол теңіз офицерлерінің, даңқты теңізшілердің портреттерін үлкен сезіммен салған.
Нұрмұхамедов шығармашылығының жарқын беті оның шет елдерге жасаған саяхаттары. Ол қай жерде болса да – Еуропада, Жапонияда не Бразилияда, Үндістанда немесе Америкада, т.б. барған жерінен жанды бақылаулар мен жарқын әсерлер әкеліп, кейін сол сезімдер сол елдердің, халықтың, табиғаттың келбетін бейнелейтін шығармалар тізбегіне айналды. Суретшінің «Бразилия» цикліне кіретін «Копакабанадағы кездесу», «Актриса Мария делла Костаның портреті», «Жол төсеуші», «Сан-Паулу қаласының шеті» және т.б.; Үнді сериясынан «Тибет Ламасы», «Ганди портреті»; Жапон сериясынан «Фудзияма тауы», «Хиросима», «Жапон мүсінші Хонго-Син әйелімен» туындылары кейіпкерлердің күйін жеткізуде нанымды, суретшінің өзіне тән шығармашылық тәсілімен, керемет үнсіз немесе ашық интенсивті бояумен жасалған.
Портрет жанры Нұрмұхаммедов шығармашылығында маңызды орын алады. Суретшінің бүкіл шығармашылық жолында жасаған түрлі мамандық иелерінің, оның ішінде белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінің портреттерінің кең галереясы үлкен руханиятымен ерекшеленеді. Ол кейіпкерлерінің рухани және интеллектуалдық өмірінің байлығын жеткізуге ұмтылды.
Алайда оның Қазақстанның бейнелеу өнеріне қосқан үлесі тек кескіндемемен ғана шектелмейді. Н.Нұрмұхаммедов өнертану ғылымының кандидаты, қазақ халқының шығармашылығы, заманауи өнер туралы мақалалар жазды. «Қазақ КСР графикасы», «Еңбек даңқы», «Қазақстан өнері», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Ұлы Отан соғысына қатысқан Қазақстан суретшілері» атты кітаптар шығарды.
Халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедовтың туғанына 100 жыл толуына орай Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ұйымдастырылған көрме суретшінің алуан түрлі жанрда жұмыс жасағанын және шығармашылығында тақырыптарды кең ауқымда қамтығанын айқын көрсетеді.
Экспозиция желтоқсан айының 8-не дейін жалғасады.
Кулжазира Мукажанова,
Қазақстаның енбек сінірген қайраткері