Оқиғалар

Орталық көрме залында (Желтоқсан, 137) алматылық суретші Какоткина Светланананың «Жазғы қиял» атты көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозиция суретші шығармашылығындағы 90-ға жуық картиналарды көрермен назарына ұсынады.

2024 жылдың 7 тамызында сағат 16:00-де  Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында (Желтоқсан, 137) алматылық суретші Какоткина Светланананың «Жазғы қиял» атты көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозиция суретші шығармашылығындағы 90-ға жуық картиналарды көрермен назарына ұсынады.

 Какоткина Светлана 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Бастапқы өнер білімін «Классикалық өнер гимназиясынан» қалыптастырып, 2002 жылы Қазақ Бас сәулет құрылыс академиясын «Дизайн» мамандығы бойынша тәмамдайды. Академия қабырғасынан бастап-ақ суретші өзін жан-жақты көрсетіп, түрлі байқаулар мен көрмелерге белсенді қатысып отырады. Өмірлік жолында Светлана көркемсурет мектебінде мұғалім, жарнама агенттіктері мен журналдарда дизайнер, үйлестіруші болып жұмыс жасайды.

Көрме «Ұйқысыздық», «Анамның терезесінің алды», «Теңіз», «Алматы серуендері», «Жаз» атты сериялардан тұрады. Экспозицияда суретшінің экспериментке толы жұмыстары да бар. Ол «Гүлді абстракция» атты туындыларында абстракциялық дақтарды қолдану арқылы өзіндік ішкі сезімін ашуға тырысады. Ұсынылған түрлі түстерді ойнату арқылы жапырақтар мен гүлдердің ерекше сипатын қалыптастырады.

Суретші импрессионизм бағытына ерекше назар аударады, табиғаттан алған әсер арқылы ол картиналарына көркем бейне тудырып, айналасындағы сұлулықты шынайы суреттеуге ұмтылады. Жазғы пейзажды бейнелеген туындыларында алыстан қалың орманмен көмкерілген зәулім төбелер көкжиекке көтеріліп, шексіз кеңістік пен еркіндік сезімін тудырады.

Суретшіні шабыттандыратын тек жаз мезгіліне арнаған көріністері кейінгі кездегі жаңаша туындылардың пайда болуына септігін тигізді. Жазғы таулардағы серуендер, теңіз саяхаттары, көк майса жасыл шөптер, құстардың әуендеп тұрған тамаша сәті, орманның тылсым сырға толы көріністері авторды бей-жай қалдырмайды. Осындай көріністердің жалғасы ретінде картиналарында сан алуан гүлдердің натюрморттарын да кездестіруге болады. 

«Жазғы қиял» көрмесі арқылы суретші жаз атмосферасына сүңгіп, күн сәулесінің жылуын сезінуге, гүлденген алқаптардың хош иісімен тыныстануға және табиғат дыбыстарынан ләззат алуға шақырады. Бұл кескіндемелер жаздың ең жарқын сәттерін еске түсіреді және тыныштық пен қуаныш сезімін беретін жарқын екпінге айналады.

 

 

Экспозиция тамыз айының 27-іне дейін жалғасады

 

Көрме кураторы – Көпжүрсін Әйгерім