Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі автор және көрермендер мен оқырмандар арасындағы көрме мен бірқатар шығармашылық кездесулерді қамтитын Максим Кантордың «Глобус және уақыт» атты ауқымды Халықаралық жобасын ұсынады.
2024 жылғы 23 ақпанда сағат 16.00-де вернисаж, сағат 15.00-де Максим Кантормен баспасөз конференциясы өтеді.
25 ақпан күні сағат 14.00-де Максим Кантордың «Өнер мәңгілікке тиесілі ме» атты дәрісі Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ-нің конференц-залында өтеді. (кіру билеттері 1500 теңге).
Көрнекті еуропалық суретші, философ, жазушы, драматург және мәдениеттанушы – Максим Кантордың шығармашылығының феномені теория мен практиканың ажырамас үйлесіміне негізделген. Әлемдік өнер тарихын терең білетін білімдар, классикалық және авангардтық өнердің бірігуінде өзінің көркемдік тұжырымдамасын жасайды. Оның бейнелеу және әдеби шығармашылығының бүкіл әлем бойынша көптеген жанкүйерлері бар.
Суретшінің шығармашылығы Қазақстанда алғаш рет көрермен назарына ұсынылып отыр. Қазақстандық көрермен автордың графика және кескіндемесімен танысып қана қоймай, суретшінің дәрістері мен пікірталастарға қатысу мүмкіндігі бар.
Көрмеге суретшінің 2000-шы жылдардағы 50-ге жуық кескіндеме және графика туындылары кіреді. Көптеген жұмыстар авторды қызықтыратын тақырыптарды жоспарлы түрде ашатын серияларда біріктіріледі.
Көрермендердің назарына суретшінің өзіндік визиттік карточкасына айналған көптеген көрнекті туындылар, олардың ішінде: «Ошаған», «География сабағы», «Арлекин», «Мәңгілік», «Әл-Фараби және Платон», «Дон Кихот», «Әкенің портреті» және т.б. ұсынылған. Кескіндемеде экспрессионизмнің әсері жергілікті, қарама-қарсы түс комбинацияларын қолданумен, гротеск тіліне жүгінумен және ерекше асыра сілтеуімен байқалады. Баспа графикасы өнердің осы түріне тән емес монументалдылығымен ерекшеленеді.
Максим Кантордың көркем әлемінің орталығында әлсіздіктер мен жамандықтарға, азғырулар мен құмарлықтарға бейім адам жатыр. Портреттік бейнелер сыртқы жағдайлар мен ішкі тәжірибелердің қысымымен күрделі ұтқырлықта пайда болады. Өнер шығармаларының контекстінде қазіргі заманғы шынайы прототиптер мифологиялық және библиялық кейіпкерлермен, өткен заманның тарихи тұлғаларымен қатар өмір сүреді.
Оның «...Бір дәуірдің портретін, бір ғасыр тарихын жазамын» деген сөзін көркем де, әдеби шығармашылыққа да жатқызуға болады.
Кантордың өнері философияның, өнер тарихының, саясаттың және діннің тоғысқан жерінде жасалған. Максим Кантордың «Глобус және уақыт» көрмесі көрерменді уақыт ағымында жаһандық әлемде адам болмысы туралы ойлауға шақырады.
Екатерина Резникова, өнертану ғылымдарының кандидаты
Суретшінің өмірбаяны
Максим Карлович Кантор (1957 жылы 22 желтоқсанда Мәскеуде туған) – суретші, жазушы, өнертанушы, эссеші. Философ К.М. Кантордың ұлы, А.А.Зиновьевке жақын, испан тілді драматургінің немересі. Мәскеу полиграфия институтын бітірген (1980). 1983 жылы Мәскеуде «Қызыл үй» андеграунд тобын құрды. 1988 жылдан бастап туындылары Ресей мен Германияда суретші ретінде белсенді көрмеге қойылды. 1997 жылы Венеция биенналесінің орыс павильонының қатысушысы. 2016 жылы Максим Кантор Германия азаматтығын алып, Ре аралында (Франция), Берлинде және Оксфордта тұрып, жұмыс істейді.
Көркемдік қызметі
Максим Карлович бірнеше графикалық циклдардың, сондай-ақ көптеген картиналардың авторы болды. Канторға суретші ретінде Микеланджело, Мантенья, Гойя, Брюгель, Ван Гог, Грюневальд және Петров-Водкин үлкен әсер етті. 1980 жылдардан бастап Берлин мен Миланда танымал бола отырып, суретші үнемі еуропалық көрмелерге қатысып, 1988 жылдан бастап жеке көрмелерді ұйымдастыра бастады. Оның жұмыстары Орыс музейі, Третьяков галереясы, Берлин Ұлттық галереясы, Британ және Люксембург музейлерінің коллекцияларында сақтаулы. Максим Кантордың картиналары Брюссель саборында, Париждегі Сент-Мерри шіркеуінде бар. 2014 жылдың қаңтар айынан бастап Ватиканның ғылым академиясында Кантордың «Әулие Фома» және «Әулие Франциск пен әулие Августин» шығармалары ұсынылды.
Әдеби шығармашылығы
1993 жылы Кантор өзін суретші ғана емес, сонымен қатар талантты жазушы ретінде көпшілікке таныстыра отырып, «Бос жердегі үй» атты әңгімелер жинағын шығарды. 13 жылдан кейін ол оқырмандар арасында қызу пікірталас тудырған «Сурет оқулығы» (2006) романын шығарды. Сыншылар шығарманы философиялық трактат, саяси сатира, сурет салу құралы, ал кейбіреулері жаңа ғасырдың басты әдеби оқиғасы деп атады. Кейінірек жаңа туындылар пайда болды: «Бабуинмен кеш», «Демократияның баяу жақтары», «Жалғыз темекі шегушінің кеңестері», «Қалақ және сыпырғыш», «Ошаған. Кескіндеме философиясы», «Ошаған және тікенек». Оның «Қызыл жарық» романы «Ұлттық бестселлер» әдеби сыйлығының қысқа тізіміне, сондай-ақ «Үлкен кітап» сыйлығының қысқа тізіміне енді. Ол француз, неміс және басқа тілдерге де аударылды. Дарынды автор, сонымен қатар философия мен өнер тақырыбында публицистикалық мақалалар мен жеке мәтіндер жазады.
Іс-шаралар бағдарламасы:
- Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ-де вернисаж -23 ақпан сағат 16.00-де, баспасөз конференциясы сағат 15.00-де.
- «Art de vivre» клубында Максим Кантормен кездесу – 24 ақпан. Орналасқан жері: «Достық» қонақ үйі (Құрманғазы-Қонаев көшелерінің қиылысы), сағат 13.00-ден 16.30-ға дейін. Бағдарламада ғылыми хатшы, өнертану кандидаты Екатерина Резникованың бейнелеу шығармашылығы туралы презентациясы бар. Модератор – профессор Шалабаева Г.Қ.
- Максим Кантордың «Өнерге мәңгілік тиесілі ме» тақырыбындағы дәрісі Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ-де – 25 ақпан сағат 14.00-де өтеді. Кіру билеттері музей кассасында 1500 теңге және жеңілдікпен 500 теңге .
- Максим Карловичтің Ұлттық кітапханада оқырмандармен және Пен-клуб мүшелерімен «Сөз белгі ретінде, нышан және бейне» тақырыбында кездесуі – 27 ақпан, сағат 11.00-де. Кіру тегін.