2023 жылдың 3 қарашасында сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Ақтөбе облыстық өнер музейінің қорынан және қала суретшілері шығармаларынан құралған «Ақтөбе бояулары» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Көрмеде 60-қа жуық осы өңір суретшілерінің 100-ден астам кескіндеме, графика және мүсіндік туындылары ұсынылған.
Көрменің бастауында барлық суретшілер үшін Ақтөбе облыстық өнер музейінің орны үлкен, және өнерсүйер қауыммен арадағы алтын көпір іспеттес қара шаңырақ болып табылады. Ақтөбе облыстық өнер музейі туралы мағлұмат беретін болсақ, музей қорында 5000-ға жуық экспонат бар. Онда Қазақстанның атақты суретшілерінің еңбектері, соның ішінде кескіндеме, графика, мүсін өнері, сәндік-қолданбалы өнер туындылары сақталған. Ақтөбеде алғашқы «Қазақстан Суретшілер Одағының Ақтөбе филиалы» мен қатар қаланың сәулеттік-көркемдік келбетін әрлеуде көркемөнер шеберханасы ашылған. 2000 жылдан бері Ақтөбе облысының СО төрағасы болып көп жылдар бойы Ж. Қ. Кенбай міндетін атқарған. Ал, 2021 жылдан бастап төрағалық қызметке М.Р. Ғабдрахманов сайланған.
Экспозицияның басым бөлігінен орын алған – кескіндеме. Бейнелеу өнерінде орындары машықтанған біраз суретшілер портрет, пейзаж, тұрмыстық, т.б. жанрларда әр түрлі тақырыптарды көтеріп, өзіндік қолтаңбаларын ұштаған. Осы тұста, Қазақстан кескіндеме тарихында өзіндік үлесін қосқан М. Бекеевтің «Айлы түндегі ойын» (2009), «Күннің батуы» (2015) атты шығармаларын айтуға болады. А. Құрманалин «Аян» (1984) атты туындысында көшпелілердің дүниетанымын визуалдандырады. С. Әлімбай портрет жанрында «Ә. Қастеев» (1993) образын тұңғыш суретшінің өз автопортретіне сілтеме жасап, интерпретациялайды. Сондай ақ, «Күбі пісу» (1990), «Бауырсақ» (1990), т.б. тұрмыстық жанрдағы туындыларында ұлттық көріністерге назар аударады. Ә. Баяндиннің «Тұран гүлі» (2019), «Немере» (2020) атты композицияларында көшпенділердің рухы тұнып тұр. Ж. Есенғұловтың «Құрбылар» (2022), «Кеңесу» (2023) атты шығармалары стилизациялық денелерден құралған. И. Казакованың «Шахтерлар оқиғасы» (2021) еңбек тақырыбына арналса, «Жолаушылары» (2023) қала тіршілігінен үзінді береді. А. Еспаевтың «Той» (2011), «Өнер музейі» (2022) суретші қылқаламынан даму ерекшеліктерін байқауға болады. Баспа графикасы бойынша бірнеше линогравюралар енгізілген. Мысалы, А. Верещагиннің «Өсіп келе жатқан Ақтөбе» (1985), «Скифтер туралы аңыз» (1989), Ә. Өтеген-Тананың «Батыры», М. Жақсыгаринаның «Ойылым» (2020) атты графикалық парақтарын аталмыш техниканың өзіндік ерекшеліктері айқындалады. Акварель техникасында В. Русаковский «Күзгі пейзаж» (2020), «Қысқы өзен» (2020) атты пейзаждарында табиғаттың мезгілдік құбылыстарына назар аударған. Мүсін өнерінде белгілі қазақстандық мүсінші, суретші М. Ғабдрахманов күмістен «Атилла» (2006), «Тотем» (2007), және металлдан «Мерген» (2020), «Шақыру» (2022), «Түйе» (2019), т.б. мүсіндік көркем туындыларында көне түркі заманына үңіліп, аңызға айналған образдарды стилизациялаған.
Аталған суретшілермен қатар А. Орынғали, Ж. Есенғұлов, Б. Жапар, Л. Беликова, Е. Игнатова, Е. Исмаилов, М. Қожақұлов, Б. Көпжасаров, А. Құбай, Б. Күбекова, Е. Сухотина, Н. Скуратович халықаралық, республикалық, көрмелерде үздіктер қатарынан көрініп, өз жетістіктерімен өнер сүйер қауымның ықыласына бөленіп жүр.
Экспозиция желтоқсан айының 2-не дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі – Мырзабекова С.К.