“Цифрлы күз: Ішінде болу” – 27-қазан мен 5-қараша аралығында Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде “VR және ФОТОСУРЕТ: Француз заманауи өнері” көрмесі өтеді.
2023 жылғы 19-қазан, Алматы – “Цифрлы күз” фестивалі Алматыда екінші рет өтуде. Көрме 27-қазан мен 5-қараша аралығында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде өтеді.
Less Media Group және Есентай галереясымен ынтымақтастықта Қазақстандағы Франция Елшілігі мен Француз институты ұйымдастырған бұл фестиваль көрерменге француз цифрлы өнерінің үздік туындыларын тамашалуға мүмкіндік береді. Биыл фестиваль VR және фотосурет сияқты шығармашылық форматтарын біріктіретін болады.
Есентай галереясымен ынтымақтастықта ұйымдастырылған фотокөрмеге француз салааралық суретшісі Адель Желанскидің 25 жұмысы қойылады.
“Егер де сен адасып қалсаң, тауларға қара” көрмесі - 2023 ж Қазақстандағы арт-резиденцияға қатысқан суретші Адель Желанскидің Алматы қаласымен таныстығының нәтижесі.
Адель Желанскидің цифрлы коллаждары суретшінің “пейзаждың” табиғи, әлеуметтік және урбанистік болмысын тануға деген ұмтылысын білдіреді. Қабаттау техникасы арқылы ол әлемдегі әр құбылыстың табиғи, мәдени және тарихи үрдістердің өзара әрекеттесуінің нәттижесі болатынын көрсетеді. Оларға тән визуалды қанықтықтың арқасында Адель Желанскидің туындылары көбінесе әр көрерменге дербес пайымдау мүмкіндігін беретін ойжұмбақтарға ұқсас болып келеді.
“Цифрлы күз” фестивалінің VR бағдарламасына Францияның жетекші VR-студияларымен немесе олармен ынтымақтастықта жасалған 11 иммерсивті жұмыс кіреді.
Фестиваль қонақтарының назарына цифрлы өнердің жаңа формасы болып келетін виртуалды шындықтың көрнекті туындылары ұсынылады.
Орта Азия аймағында алғашқы рет көрсетілетін бірқатар жұмыстар Венеция халықаралық фильм фестивалі және АҚШ SXSW сияқты үлкен фестивальдердің жүлдегерлері болып табылады.
“Цифрлы күз” бағдарламасына енгізілген VR жобалар форматы, ұзақтығы және интерактивтілік деңгейі бойынша ерекшеленеді, бірақ олардың барлығы барынша ІШІНДЕ БОЛУ әсерін қалыптастырады. Шығармашылық әлеміне толық енудің бірегей әсері және әр туындының өзіндік хикаясы виртуалды шындықты басқа баяндау форматтарынан ерекшелендіреді.
Биыл фестиваль бағдарламасына “On the Morning You Wake (To the End of the World)” жобасы сияқты соңғы жылдары танымал VR жобалары енгізілді. Бұл деректі жобаның тақырыбы - ядролық қаруы бар әлемнің түбегейлі әділетсіздігі. Жоба авторы - Париж қаласында орналасқан ең үлкен халықаралық студияларының бірі болып саналатын Atlas V студиясы.
Фестивальде Atlas V студиясының жобасынан басқа, Венеция халықаралық кинофестивалінде ең үздік иммерсивті жоба номинациясы бойынша 2020 және 2021 жылдары бас жүлде алған екі жұмыс “Hangman at Home” және “Goliath : Playing with Reality” көрсетіледі. 2020 жылғы жеңімпаз Карл Сандбургтің 1922 жылғы “What does the hangman think about when he goes home at night from work?” өлеңінен шабыттанған анимациялық VR эссе “Hangman at Home” болды. Ал 2021 жылы бас жүлде алған “Goliath : Playing with Reality” туындысы Голиаф есімді адам өмірін мысалға ала отырып, психикалық денсаулық пен компьютерлік ойындардың әсері сияқты тақырыптарды талдау арқылы шындық шекарасын зерттейді.
Пайдалы ақпарат:
Билет құны: 1500 тг
Уақыты: сағ. 10:00-18:00
Кіру (14 жастан асқан) жасөспірімдерге мен үлкендерге рұқсат етіледі.
Билет бағасына суретші Адель Желанскидің фотокөрмесіне кіру және виртуалды шындық туындыларын бір мәрте арнайы көзілдірікте 30 минут бойы қарау кіреді. Туындылардың бас бөлігі ағылшын және француз тілінде, кейбіреулері орыс тіліне жасалған аудармамен бірге ұсынылады. Көрме және виртуалды шындық көзілдіріктерін қолдану туралы толығырақ медиаторлардан білуге болады.
Мекенжай: Ә. Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейі, Көктем-3 шағын ауданы, 22/1 үй, Алматы
Баспасөз сұрақтары бойынша:
ФРАНЦИЯ ЕЛШІЛІГІ
Динара Нуркенова
Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.
Ақбота Алимхожина
Ә. Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінің баспасөз хатшысы