27 қазан күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде суретші Ким Михаил Петровичтің (1923-1990) 100-жылдығына орай көрменің ашылуы және шебердің өмірі мен шығармашылығына арналған альбомның тұсаукесері өтеді.
Экспозицияда Әбілхан Қастеев атындағы ҚР МӨМ музейі қорынан, жеке коллекциялардан және суретшінің отбасы жинағынан жинақталған 100-ге жуық туындылар ұсынылады.
Михаил Петрович Кимнің шығармашылық жылдары 1960–1990-шы жылдарды қамтиды. Бұл сапалық өзгеріс, сталиндік дәуір эстетикасы мен идеологиясынан алшақтау кезеңі болды. Санада, қоғамға тарихи даму барысында серпіліс болып, жеке адамның өзін тұлға ретінде бағалауында, өнердің мақсатын айқындауда басқаша көзқарас орнай бастады. Суретшілер арасында өнердің даму жолдары мен ұлттық стильді қалыптастыру туралы пікірталастар толассыз жүріп жатты. Көркем ойлаудың басқаша тілін қалыптастыру қажеттілігі туды. Сөйтіп, суретшілер алдында бейнелеудің түрлі символдары мен метафоралары ашылды, нәтижесінде, мүлдем басқаша өнер басталды. Жаңа заман бейнесі жасалып, қазақстандық кескіндеме өнерінің стилистикалық талаптары қалыптаса бастады. Бұл процеске республикада тұратын түрлі ұлт өкілдері араласты. Бүгіндері елімізде ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан бейнелеу өнерін көне тарих ретінде қабылдайтын жаңа ұрпақ өсіп шықты. Дегенмен, біз алдыңғы буын өкілдері сияқты өз шығармашылығымен Отандық бейнелеу өнерінің іргетасын қалаған қаламгерлерді ұмытпауымыз керек. Сол суретшілердің арасында Михаил Кимнің орны аса маңызды.
Экспозиция 2023 жылдың 24 қарашасына дейін жалғасады.
Көрменің кураторы-Елизавета Ким, өнертанушы