2023 жылы 17 қыркүйекте сағат 19.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде қала күніне орайластырылған, «Мың бояулы Алматы» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді. Көрме музейдің сақтау қорындағы 40-тан аса кескіндемелік туындылар негізінде дайындалған. Алматы қаласының әсемдігін, тыныс-тіршілігін, уақыт ағымын, тарихи өткен кезеңдерін өміріндегі түбірлі өзгерістерді көз алдымызға қазақ бейнелеу өнерінің шеберлері сөзсіз баяндайды.
Алматы тақырыбына көптеген өнер майталмандары қалам тартты. Алматы кез келген адам жанына рахат сыйлап, адамды өзіне әсемдігімен баурап алатын мәдени орындарымен де көрікті. Жері қандай байтақ болса, жаны да сондай дархан қала, жұмақ қала десек те артық емеc. Экспозиция сюжеттері қалалық, сәулеттік және өндірістік пейзаж жанрында жазылған жұмыстар топтамасына негізделген.
Қала пейзажы – алматылық суретшілердің сүйікті жанрларының бірі. Олар көрермен назарына Алматының ерекше әсем көрінісін ұсынады. Өткен ғасыр мен қазіргі кезеңде жасалған бұл шығармалар қаланың бай шежіресін бейнелейді. Туындылар табиғатпен үндескен әртүрлі сәулеттік ғимараттармен көрікті жерлерді бейнелеп қана қоймайды, сонымен қатар, заман ағымын, рухын көркем суреттейді. Қаланың бейнелеу өнеріндегі бұл жанрдың дәстүрі соғысқа дейінгі және соғыс жылдарында қалыптасқан. Алғашқы үлгілерді ұсынғандардың арасында Ә. Қастеев, Ү.Әжиев , А.Черкасский, О. Кужеленко, Р. Великанова, Ж. Шарденов, В. Колоденко, Ч. Кенжебаев т.б суретшілерімізді қаланың шуақты күн сәулесінің молдығы баурап алды. Алматы бейнесі кескіндемешілер жазған шығармаларда табиғи түстердің көптігімен мың құбылып шебер суреттеледі. Алматы маңында орналасқан Медеу мұз айдынының әсемдігін, асқақтығын нәзік лиризммен кескіндеген Ә. Қастеев туындылары сол мекеннің портреттік көрінісімен ерекшеленеді. Регина Великанованың композицияларында Қазақстанның «оңтүстік астанасы» гүлзарлы саябақтары мен алма бақтары жасыл желекпен көмкерілген ертедегідей әсем қала көрінісінде бейнеленген. Көрмеде А.Черкасскийдің әйгілі «Қарағаштар» туындысы ұсынылған. Онда көктемгі пейзаж арқылы 1950 жылдардың ортасында өмір сүрген кеңес қоғамының ықпалы сезіледі.
Көрмеге Қазақстанның әр буын суретшілерінің стилі мен тақырыбы жағынан алуан түрлі туындылары қойылған. Олардың ішінде Алматы панорамалары кескінделген жұмыстар : Ә. Жүсіповтің «Күз сәніне кірген ағаштар», С. Мәмбеев «Менің қаламда». С. Романовтың «Алматы көшелері. Цирк», С.Калмыковтың «Опера театры», И. Бондаренконың «Алматы моншасының сұлбасы», Ж.Шарденов «Қазақстанның Орталық музейі» «Ә. Қастеев мұражайының құрылысы». Сонымен қатар «ескі қала» көшелерінің қайталанбас келбеті Н.Нұрмұхамедов, Н.Таңсықбаев, Қ. Мамақов, В.Ткаченко, П. Верховцев, В. Псарев Г.Чернощековтар шығармаларында бейнеленген. Қарқынды дамып келе жатқан қаланың ажарлы кескіні В.Киреевтің, С. Хорликов, А.Уткин және Р. Құлбатыровтың бейнеленген жаңа даңғылдармен алмастырылған. Олардың шығармалары романтикалық көңіл-күймен, заманауи өмірдің жаңаруымен сусындаған. Көрмеге қойылған әрбір шығарма – сүйікті де әсем қала туралы бейнелі поэмалар.
Көрме жетекшісі: Жубанова Г. А.
Ә. Қастеев ат. ҚР МӨМ-нің Қазақстанның бейнелеу өнері бөлімінің ғылыми қызметкері.