Оқиғалар

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жұмақын Қайрамбаевтың және оның шәкірттері мен қонақ суретшілердің «IZDER IV/ПЕРІШТЕ ІЗІ» көрмесі

2023 жылдың 7 сәуір күні сағат 14:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жұмақын Қайрамбаевтың және оның шәкірттері мен қонақ суретшілердің «IZDER IV/ПЕРІШТЕ ІЗІ» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

ПЕРІШТЕ ІЗІ – бұл IZDER тобының тарихи-көркемдік маңызға ие ауқымды жобасы. Көрме Жұмақын Қайрамбаевтың 70 жасқа толу мерейтойына арналады. Қазақстан бейнелеу өнеріндегі көрнекті тұлға, айтулы ұстаз Ж. Қайрамбаевтың есімі бүгінгі таңда баршаға танымал. Ол қырық үш жылдан астам уақыт аралығында Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарып, 150-ден астам шәкірт тәрбиелеген. Оның шеберханасынан шыққан әрбір суретші өнерде өз жолын тапқан, қазақ өнерін елімізде ғана емес, сонымен қатар әлемдік алаңдарда танытып жүрген шеберлер.

Тарихы 2003 жылдан басталатын Izder-дің алғашқы көрмесі Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде өтті. Арада жиырма жылдан кейін биыл төртінші көрмесі ұйымдастырылып отыр. Экспозиция Izder тобының бірінші және кіші буынының 21 жарқын шығармашылық тұлғаларының кескіндемелік туындыларын бір кеңістікте ұсынады. Олардың қатарында, шәкірттері: Досбол Қасымов, Нұрғожин Мейіржан, Талғат Тілеужанов, Табиев Азат, Дюсенбина Сауле, Асемқұл Бейбіт, Нұрахмет Нұрбол, Орақбай Алмас, Бақыт Сейсенханұлы, Нұрғожаев Алмас, Қабөке Оралбек, Алишер Жүргенов, Дулат Үсенбаев, Аққали Зaкир, Мөлдір Сағындықова, Мадина Нарбаева, Дарья Қайрамбаева, Ұлан Даубай, Данияр Сарбасов. Қонақ суретшілер: Қазақбай Әжібекұлы, Бахытнұр Бүрдесбеков, Әли Бақтыгереев, Серік Таинов, Ералы Оспанұлы, Нуршидин Баратов, Нұрлан Қилыбаев, Caид Атабеков. Бұл қалыптасқан көркемсурет мектебі мен дәстүрі туралы айтуға және шебер мен оның ізбасарларының шығармашылық ізденістерінің нәтижелерін ұсынуға мүмкіндік береді.

Көрменің ерекшелігі – алғаш рет Қазақстан бейнелеу өнері тарихында қазақ үшін қасиетті жылқы жануарына арнайы көрме арналып, терең қамтылуы. Ғасырлар бойы жылқы адамның ең жақын серігі, тұлпары, оның өмірінің ажырамас бөлігі болды. Ақындар оған өлең жолдардын арнаса, суретшілер қауымы оның бейнесіне сөзсіз жүгінді. Көркем туындылардың барлығы көрмеге арнайы жазылып, «реализмнен» бастап, түрлі заманауи бағыттарды да қамтиды.

Көрменің «Періште ізі» атауы терең мәнге ие. Бұл сөзбен ата-бабаларымыз тұлпар тұяғының ізі қалған бір уыс топырақты атаған. Осы топырақтан ырымдап бесіктегі нәрестенің жастығының астына салған. Кейде оның емдік қасиеті бар деп, нәрестені шомылдыратын суға да қосып отырған. Қазақ халқы үшін жылқының орны ерекше болғанының дәлелі, еліміздің әр аймағында жылқының бейнесі кескінделген тастардың сақталғаны. Осы сияқты жылқы тұяғының ізі бейнеленген тастарды барлық жерлерде «тұлпартас» деп атаған.

Жұмақын Қайрамбаев бірегей суретші, ортақ алма-матер мен ортақ шеберханаға біріккен, шығармашылық диалогқа дайын, сонымен бірге өзінің шығармашылық идеяларына адал талантты суретшілер тобын тәрбиеледі.

Көрмені мамыр айының 4-не дейін тамашалай аласыздар.

Көрме жетекшісі - Самал Мамытова