Оқиғалар

«Көктем палитрасы» атты шығармашылық көрмесі

Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің «Арт-шеберхана» көркемсурет студиясының «Ұлыстың рухы» Наурыз мерекесіне арналған «Көктем палитрасы» атты шығармашылық көрмесін ұсынады. Экспозицияда оқушылардың 100-ден астам әртүрлі тақырыпта, жанрда, техникада орындалған шығармашылық суреттері көрмеленген.

Студия оқушыларының ұшқыр қиялынан туындаған – қазақ халқының рухани тынысы, отбасы, мереке, қаланың әсем көрінісі, дала гүліне оранған жоталар, аспанмен тіресе үндескен таулар, теңіз асты тіршілік, жан-жануарлар әлемі, ғажайып ғарыш әлемі тақырыбындағы композициялары ерекше бір философиялық мазмұнға ие.

Көрмеде балалардың жұмыстары түрлі-түсті палитрада өмір-тіршілігіндегі қуанышты сәттерді еске алар сезімге жетелейді. Көрермен әрбір туындыдан бала көңілін, тілін, тілегін, мақсатын ұғына алады. Өйткені, бала өзін қоршаған ортадан алған әсерін шынайы және өзінің идеясын түсіндіруде қылқаламы мен шабытына ерік бере бейнелейді.

Экспозиция­­ - бүлдіршіндердің түрлі бояу құралымен абстрактылы мәнерде ойын түсіндірсе, жасөспірімдер реалистік, авангардтық жанрда қайталанбас композициялар шығарады, ал ересектер кәсіби бейнелеу өнерінің қыр-сырын танып, оның биік шыңына шығуға тырысады.

«Бейнелу өнері»-студиясының ұстаздары музей ісінің кәсіби маманы және шығармашылықта тұлғалық қолтаңбасымен танылған суретшілер (Ғалым Оспанов, Аида Елеуова, Алмат Оспанов, Гулнар Жұбаниязова) дәріс алып отырған балалардың бойындағы дарындылықты оятып, сурет өнеріне деген құштарлығын арттырып, жалпы бейнелу өнеріндегі ережелерді тың үйретіп, болашақ суретшілерді тәлімдеуде. Бұл студияда тәлім алушылардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Айталық, 4 жастан бастап зейнеткерлікке шыққан жандар да дәріс алуда. Өнер баршаға тиесілі. Сондықтан да, «Бейнелеу өнері» студиясы оқушыларға жалпы өнер арқылы ұлттық тарихты, мәдениетті, наным-сенімнен туындаған рухани дүниетамдылық ұғымды терең түсінуге жан-жақты мүмкіндік жасайды. 

Көрмені наурыз айының 30-на дейін тамашалай аласыздар.

 

Көрме жетекшісі – Гүлнар Жуваниязова