2022 жылы 14 қыркүйекте сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ұлағатты ұстаз, белгілі суретші Байділдә Бауыржан Нұрбекұлының «Туған ел» атты жеке көрмесі ашылады.
Бауыржан Нұрбекұлы ұлағатты ұстаз және қылқаламы тоқтамайтын белгілі суретші. Оның туындылары ұлттық нақышта, көбінесе патриоттық негізде орындалған. Шығармашылығы түрлі жанрлар мен тақырыптарға толы. Бейнелеу өнерінің бірнеше түрін еркін меңгерген кемелді суретші.
Қылқалам шеберінің «Туған өлке» атты көрмесі соңғы жылдарда жинақталған басым көбі кескіндемелік, бірнеше графикалық және бір мозайкалық жұмыстардан құралған. Туындылары еліміздің көрнекті жерлеріне эпикалық үн қосқан дала сұлулығымен өнер сұлулығын ұштастырған түрлі форматтағы пейзаждар, еңбегі ерен тұлғаларға арналған қанық түстермен көмкерілген портреттер және ұлттық тақырыптағы ізденістік еңбектерден тұрады.
Суретшінің ерекшелігін қайта өрлеу мәнеріне сай академиялық-классикалық стильге жақын сұлулықтың сырын ашуға ұмтылу, поэтикалық үн қосу және ұлттық романтиканы жаңғырту мақсаты айқындайды.
Көрмедегі поэтикалық «Тәңіртау иесі» туындысында әлемдегі сирек кездесестін төс тағысы тау барысының секпілді ақшыл келбетімен алып бейнесі қар басқан биік таулар және Хан тәңірі шыңымен үйлестік тауып тұр. Жыртқыш аң көркімен және мінезімен жаратушы түсірген сұлу табиғаттың айырылмас бөлігі. Әлемдегі ең көрікті орындардың туған елімізде орналасуы оның қоршаған ортасындағы жан-жануарлармен терең үйлесім тапқанын суретші баяндап тұр. Сонымен қатар әр-бір өңірдің түстік-түзілімін сезіне білетінін жоғарыдағы туындыға қарама-қайшы «Жолаушы» жұмысында көрсеткен. Шарын шатқалын өзіндік жылы күрең-қоңыр, жарық-көлеңкесін сұрғылт-қара реңктермен және канық жасыл жоталармен жалғастырып алып келіп шыңды көкжиекке ұштастырған.
Көрмедегі көзге түсетін ерекше туындылардың бір қатары қатынастық тұлғалы портреттер. Олар: Т. Жүргенов, Б. Момышұлы, Н. Нүсіпжанов белгі суретшілер Х. Наурызбаев, М. Кенбаев, Қ. Телжанов, Е. Сергебаев және т.б. Суретшілерге арналған портреттерде кейіпкерлердің қолтаңбасын айшықтайтын артқы фондармен үйлестірген. Мысалы Телжановтың тік келбетті портретін импрессионизмдік жағындылармен, Кенбаевтың жылы жүзді бейнесінің артқы фонын атақты туындысы «Асауға құрық салу» кенебіндегі сары түстермен және Наурызбаевтың жиі сомдаған сұңғақ мүсіндері секілді қою сұр түспен көмкерген. Бұны кейіпкердің өзара шығармашылық ерекшелігін фон арқылы айқындау десекте болады.
Бауыржан Бәйділдәнің шығармашылығынан елуінші жылдар соңындағы ұлттық романтизм өкілдерімен ұқсастықты көреміз. Сұлулықты танудан басталған бейнелеу өнері тарихындағы негізгі қасиеттер Бауыржан Нұрбекұлының бойына дарыған. Эстетикалык, классикалық шынайы өнерді тануға ұмтылсаңыздар көрмеге келіңіздер.
Бауыржан Нұрбекұлы Байділдә 1962 жылы 12 желтоқсанда Жамбыл облысы Қордай ауданы, Қызылсай ауылында дүниеге келген. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін (1981) «Станоктық кескіндеме» мамандығын және Алматы мемлекеттік көркем-театр институтын (1989) монументалдық өнер суретшісі мамандығы бойынша бітірген. ҚР Көркемөнер академиясының мүшесі-корреспонденті. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Кескіндеме және мүсін» факультетінің деканы.
Көрме қазан айының 12-не дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі – Ақжігіт Нүсіп