Оқиғалар

Фотосуретші Никита Басовтың «Профессия - …» атты жеке көрмесі

2022 жылдың 3 наурызында сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде фотосуретші Никита Басовтың «Профессия - …» атты жеке көрмесі ашылады.  

Көрме мазмұны әр түрлі мамандық иелерінің тағдырын қамтыған. Көрермендер экспозицияға қойылған портреттер арқылы кейіпкерлердің кәсіби қызметімен танысып, жан дүниесіне үңіліп, олардың бір-бірінен ерекшелігін түсінуге мүмкіндік алады.

Автор осы көрмесі арқылы барлық кәсіп иесінің өз ерекшелігі бар екенін көрсеткісі келеді. Ал кәсіпті бірегей ететін - ісіне жан-тәнімен берілген адамдар.  Никита Басов осындай жандардың ерен еңбегі мен жетістігін баяндайды. Түрлі қиындық пен сәттілік тұлғаның бойындағы мызғымас рухты, ішкі сұлулықты қалыптастырады, осындай ғажап қасиеттерді бір адамның болмысына жинақтайды.

Фотосуретшінің объективіне ілінген сәттер әрбір кейіпкердің мінезін тануға мүмкіндік береді. Данышпан ақын Иоганн Вольфганг фон Гёте айтқандай: «Әлемді әркім өз көзімен көреді. Және бәрінікі де шындық – мағынасы терең шындық». Никита Басов жұмыстарында қоғамдағы әрбір кейіпкердің әлеміне терең бойлап, заманауи қазақстандықтың портретін қалыптастырған.

Никита Басов 20 жылдан бері фотосуретті кәсіп етіп келеді. Ол үйлену тойлары мен спорттық тақырыптарға арналған жұмыстардың авторы ретінде белгілі. Осы көрмеде де осы жанрдағы туындылары қойылған. 2019 жылдан бері NATGEOQAZ үшін фотосурет түсіреді. Олимпиада мен әлем чемпионаттарында спорттың бірнеше түрін фотосуретке таспалады. Ол «Спорттағы үздік фотосуретші – 2012» сыйлығының лауреаты, заманауи Еуразияның мәдениетіндегі фотоэстетиканың дамуы мен сақталуына қосқан үлесі үшін «Еуразияның халықаралық сыйлығының» алтын лауреаты, ТМД-ның парламентаралық ассамблеясының «Мәдениет пен өнердің дамуына қосқан үлесі үшін» белгісінің иегері тәрізді марапаттарды иеленген. Халықаралық фотокөрмелердің қатысушысы.

«Фотосурет көркемдік мәнін үйлестіре отырып, бейненің сол сәттегі шынайы әсерін бере алады» деген анықтама бар. Түрлі кәсіп туралы көрсетерде фотосуретші осы анықтамаға сүйенген тәрізді. Жұмысына барынша қатаң әрі әділ, мейіріммен, жылылықпен қарайтын Басов кейіпкерін сан түрлі қырынан ашады.

Никита Басовтың «Профессия…» көрмесі әрбір істі бағалы етіп көрсетеді. Бұл - оның шынайы таңдауы. «Профессия» сөзі латын тілінен аударғанда «өз ісім деп жариялаймын» дегенді білдіреді. Көрме атауы да, мазмұны да осы сөзге лайық.

Көрме 2022 жылғы 3 сәуірге дейін жалғасады.

 

Әйгерім Айдарбек – көрме кураторы,
өнертану магистрі