2021 жылы 13 қазанда сағат 16.00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі қазақстандық мүсінші Исаак Иткиндтің туғанына 150 жыл толуына (1871-1969) арналған шебердің туындыларынан «таңырқаған жиһанГЕр» атты мерейтойлық көрме ашылады.
«Таңырқаған жиһангер» көрмесі биылғы жылы туғанына 150 толған белгілі мүсінші Исаак Иткиндтің туындыларын ұсынады. Дарынды шебердің өмір жолын рухани тұрақтылықтың жарқын мысалы әрі Жоғары өнерге шексіз қызмет етудің үлгісі деп білеміз. Экспозицияға И. Иткиндтің Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ коллекциясындағы туындылары қойылады.
И. Иткинд1871 жылы Сморгонь қаласында дүниеге келді. 1910 жылы Вильно қаласындағы сурет мектебіне барды. 1912 жылы Мәскеуге кетіп, онда Кескіндеме, мүсін және сәулет училищесіне, орыс мүсіншісі С. Волнухиннің шеберханасына оқуға түседі. 1913 жылдан бастап И. Иткинд «Орыс суретшілерінің одағы», «Өнер әлемі», «Көшпелі көркемсурет көрмелері серіктестігінің» көрмелеріне қатысады. 1914 жылы Вильнода оның жеке көрмесі өтеді.
1917 жылғы революциядан кейін мүсіншінің шығармашылығында жаңа кезең басталады. Иткинд монументалдық насихаттың лениндік жоспарын орындауға белсене қатысады. 1918 жылы мүсіншінің жұмыстары «Габима» еврей театрының ғимаратында көрмеге қойылады. 1927 жылдан бастап ол Ленинградта жұмыс істеді. Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына арналған 1937 жылғы Бүкілодақтық байқауда Иткиндтің «Хал үстіндегі Пушкин» композициясы үздік деп танылды. Мүсінші В. Маяковский, С. Есенин, М. Горький, А. Толстой, С. Коненков сынды кеңес мәдениетінің көрнекті қайраткерлерімен дос болып, араласты. Иткиндтің шеберханасына С. Киров келіп тұрды.
1938 жылы И. Иткиндке тыңшы деген айып тағылып, 10 жылға түрме жазасы кесілді. Мүсінші Алматыға келгенде, жасы 66-да болатын. 1944 жылы оның шығармашылығын құрмет тұтатындардың сұрауымен ол лагерьден Алматыға ауыстырылды. 1930-жылдардың аяғынан 1960-жылдарға дейін Иткиндтің шығармашылығы КСРО-да ұмыт қалдырылды. Түрмеде өткен жылдар Иткиндті қайыстыра алмады, қиындықтар мен «халық жауы» деген жаман атқа қарамастан, ол жұмыс істей берді. Мүсіншінің ең жақсы көретін материалы ағаш болатын. Ол өзінің ең тәуір деген шығармаларын ағаштан жасады. Шебердің композициялары орындау шеберлігімен, әсемдігімен және образдардың философиялық тереңдігімен дараланады.
Иткиндтің еңбегі 1960 жылдары, оның өмірінің соңғы жылдарында ғана еленіп, 1968 жылы оған Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. И. Иткинд 1969 жылы Алматыда қайтыс болды.
Иткинд өзінің ұзақ шығармашылық жолында 150-дей жұмыс жасады, олардың елуден астамы ғана бұзылмай аман қалды. Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің жинақтамасында И. Иткиндтің 19 туындысы сақтаулы. Шебердің шығармалары Ресей, Израиль және Қазақстанда өткен көрмелерге қойылды. И. Иткиндтің бүкіл шыығармашылығы адамға деген махаббатпен және ондағы жоғары рухани принципті анықтауға деген ұмтылыспен ұштасқан. «Таңырқаған жиһангер» деп өзінің замандасы, жазушы Ю. Домбровский айтқандай, ол өз жұмыстарында бүгінде де уақыт пен кеңістікте мәңгілік қуаныш пен сұлулық үстемдік ететін мінсіз үйлескен әлемді іздеген шексіз жолын жалғастыра береді.