Оқиғалар

«Минотаврлар марафоны» атты жеке көрмесі

2021 жылдың 7 қыркүйек күні сағат 16:00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті суретші Қайырбай Зәкірұлының туғанына 75 жыл толуына және шығармашылығына 50 жыл, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, ҚР Көркем академиясының 15 жылдығына арналған «Минотаврлар марафоны» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.

Қайырбай Зәкірұлы – әйгілі қазақстандық суретші, график, Қазақстан бейнелеу өнеріне 1970-ші жылдары келген көрнекті тұлға. Ол көпшілікке «Ұлбаланың бақыты», «Теңіз туралы толғау», «Базар жырау» топтамаларымен белгілі. Философиялық терең ойлайтын суретшіні әлем, адам болмысы, уақыт байланысы және ата-бабалардың рухани мұрасы тақырыптары толғандырады. 1990 жылдардан бастап суретші шығармашылығы өзгеріске ұшырап, туындыларында мифологиялық сюжеттер мен ғарыштан, бейне бір құс жолынан келгендей мистикалық бейнелер пайда болады.

«Минотаврлар марафоны» - Қ. Зәкірұлының акварель туындылары топтамасының шартты атауы. Оған соңғы екі жылда орындалған жиырмаға жуық акварель парақтары кіреді. Мұндай тақырыптың таңдалуы ең алдымен, суретшінің дүниетанымы мен көзқарасының өзіндік ерекшелігінде жатыр. Өмір мен өнерді марафон деп қабылдайтын ол, өз шығармаларында уақыт пен сезімнің трагедиясын көрсетуге тырысады. Егер суретші үшін графика - ең алдымен ойлау, дүниетанымды көрсету тәсілі болса, онда акварель - сезімдері мен эмоционалды рефлекстерді жеткізудің құралы. Шын мәнінде автор «Күлтегін», «Қызыл құмыра», «Чонтваридің жұмағы», «Толғанай», «Қаңбақ», «Реквием», «Литоргия», «Талтүс» тағы басқа акварель жұмыстарында адам құндылығының жолғалуы сынды уақыттың қасіретін ішкі жан дүниесінен өткізе отырып, мысқылмен, сарказммен жеткізеді.

Көрмеге автордың жеке жинағынан алынған 30-ға жуық туынды қойылған.

Қысқаша өмірбаян:

Қайырбай Зәкірұлы 1945 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. 1968 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1976 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған. 1968 жылдан бастап республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып келеді. 1976 жылдан ҚР Суретшілер одағының мүшесі. 1988 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын иеленді. 1996 жылы Президент стипендиясының иегері атанды. 2006 жылдан ҚР Көркем академиясының академигі. 2008 жылдан Қызылорда «Болашақ» университетінің құрметті профессоры. 2013 жылы Халықаралық Түріксой сыйлығының иегері атанды. 2019 жылы Солтүстік Кипрде жеке шығармашылық көрмесі өтті. Туындылары Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде, облыстық музейлер қорында және АҚШ, Ресей, Жапония, Йемен, Франция, Қазақстанның жеке коллекциялары мен галереяларында сақтаулы.

zakirov-002
zakirov-001
zakirov-003
zakirov-004
zakirov-005