Оқиғалар

WORK IN PROGRESS көрмесі

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде 2021 жылдың 2 қыркүйегінде сағ. 14:00-де ресейлік жас суретші Юлия Вирконың WORK IN PROGRESS көрмесінің баспасөз-туры өтеді.

Вирконың суреттері мен кескіндемесін музей коллекциясындағы жұмыстармен біріктірген жоба бір айға созылады. Көрме Grabar Gallery — Наталия Грабарьдың галереясымен ұйымдастырылған. 

Фантастикалық сюжеттері бар жарқын ауқымды кенептер Юлия Вирконың қолтаңбасына айналды. Дегенмен, бұл көрме эксперимент болмақ: суретші туындыларын көрсетіп қана қоймайды, сондай-ақ олардың жасалу үдерісіне де ене алады.

Экспозиция — кішігірім лабиринт секілді, оның сыртқы бөлігі «нәтиже», ал ішкі – «үдеріс» атауына ие. Бірінші бөлімінде Вирконың кескіндемелік жұмыстары ұсынылған. «Санаң шекараны білмейді» жобасынан 2020 жылғы топтама түстер мен бейсаналыққа арналған; бұл туындыларды олардың қанық түстерінен, фантастикалық кейіпкерлері мен шығармалардың атауындағы құпия код нөмірлерінен оңай тануға болады: олар басым түстерді білдіреді. Суретшінің «Уәделі сағым» топтамасын құрайтын жаңа жұмыстары сюжетті әңгімелеудің тұтастығымен және құндылығымен ерекшеленеді.

WORK IN PROGRESS экспозициясының екінші бөлімі, «үдеріс» — бұл көрме залының дәл ортасында тосыннан берілген «суретшінің шеберханасы». Жеке кескіндемелік жұмыстар, эскиздер, нобайлар, скетчбуктардың ішкі жағы, эксперименттік және аяқталмаған жұмыстар, тіпті жұмыс киімі — барлығы да инсталляцияның көрінісіне айналады.

Юлия Вирко монотипия техникасында (металл табақшадан бейненің қағаздағы таңбасы) жұмыстар жасауда бірінеше күнін осы шеберханада өткізеді ; олардың негізінде Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің коллекциясынан суретшілер Валентин Ткаченко, Степан Федянин, Сабыр Мәмбеев пен Жанатай Шарденовтың кенептері көрмеге қойылады, олар Вирконың жұмыстарына жақын әсер еткен. Суретші үшін техниканы таңдау кездейсоқтық емес:  реңктік ұласулардың жұмсақтығы, контурлардың анық еместігі, еркін жағысты сезіну монотипияға тән ерекшелік болып табылады. Бұл Вирко жұмыс істейтін негізгі техника - кескіндемеге өте ұқсас. Көрменің ашылуына бірнеше сағат қалғанда, суретші шеберханадан шығады, ал көрермендер нағыз WORK IN PROGRESS тамашалай алады.  

Бұл «үдеріс» кішігірім айна кеңістігімен толықтырылады, онда көрермендер Юлия Вирконың портреттердегі тәжірибесін бақылап, басқа әлемнің сезімін – «Леонардоның айнадағы қолтаңбасын» барлық скетчбуктар мен күнделікті өмірде қолдана алатын суретші әлемін тамашалай алады.

Суретші жайлы:

 Юлия Вирко (1994) Швейцарияда дүниеге келген, АҚШ-та (Род-Айленд дизайн мектебін «кескіндеме» мамандығы бойынша және Саванна, Джорджия өнер және дизайн колледжін бітірген), қазір Ресейде, Мәскеуде тұрып, еңбек етеді. Өз туындылары үшін Юлия негізгі медиа ретінде кескіндеме мен суретті таңдады, оның аясында коллажды негізгі тәсіл ретінде қолдана отырып, техника және материалдармен тәжірибе жасайды.

Суретші АҚШ пен Еуропада топтық көрмелерге қатысты. 2020-2021 жылдары «Санаң шекараны білмейді» көрме-инсталляциясының шеңберінде оның туындылары Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Нижний Новгородта көрсетілді. 

Юлия Вирко жайлы Коммерсантъ FM, Moscow Times, Собака.ru, The Village, ArtTube, Discours, Точка ART, Dicecream және басқа да басылымдар жазды.

Көрме  INNERLIFE компаниясының қолдауымен өтеді.
Көрермендер үшін көрме 3 қыркүйектен бастап ашық.
 

virko-002
virko-001
virko-003
virko-004
virko-006
virko-005