Құрметті өнер сүйер қауым! Біз Қазақстандағы Гете институты және Шетелмен байланыс институтымен (ifa, Штутгарт) бірлесіп ұйымдастырылатын жыл сайынғы көрменің ашылғанын хабарлауға қуаныштымыз.
Уақыттағы саяхат атты фотокөрмесі Германияның қайтадан бірігуінің 30 жылдығына арналады. Көрме неміс баспасөз фотографиясының әйгілі шеберлері Эрих Заломон мен Барбара Клемнің біртуар тарихи суреттерін ұсынады. Қос фотографқа фотожурналистиканың дамуына салмақты ықпал етіп, өздерін әлемге танымал еткен ерекше авторлық фоторепортаж стилі тән.
Эрих Заломон (1886 жылы дүниеге келген, 1944 жылы Освенцим концлагерінде өлтірілген) – өз дәуірінің жұлдыз фотографы болған әрі өзін солай ұстай да білген – түрлі айла-тәсілдермен және жасырын фотоаппаратпен жұмыс істеген; мақсат – Әйгілі замандастарын бақылаусыз сәттерде (танымал кітабы солай аталған) суретке түсіріп алу. Ол өз дәуірінің өте маңызды саяси және қоғамдық оқиғаларын сол кезде Ernemann-Werke концерні өндіре бастаған ықшам Ermanox фотоаппаратымен суретке түсірген. Судай жаңа және сол кездегі межелер бойынша кішкентай әрі ерекше күшті жарығы бар «Ernostar f1:2» объективті аппарат иесіне күңгірт ғимарат ішінде де штатив пен жарқылсыз-ақ жылдам сурет түсіруге жол ашқан. Фотографтың қажет болса, объективке бола арнайы тесік жасап, аппаратын шляпасына жасырып алуы немесе камера бағытталған адамға суретке түсіріп тұрғанын білдірмес үшін арнайы қосымша құралдар ойлап табуы секілді ерекше амалдарын бүгінгі таңдағы папарацци белсенді қолданады. Ол фотографиялар сол дәуірдің саяси және қоғамдық элитасының, сонымен қатар саяси ортадағы дайындалған қойылымсыз күнделікті іс-әрекеттердің ерекшеліктерін көрсетеді.
Барбара Клемм (1939 жылы дүниеге келген) – ең танымал неміс фоторепортёрларының бірі, аңызға айналған «Леонид Брежнев пен Эрих Хонеккердің аға-бауырлық сүйісі» суретінің авторы. Оның жұмыстары 1960 жылдардан бүгінгі таңға дейінгі Германия тарихын бейнелейді және бүгінде неміс халқының ұжымдық суреттік жадының берік бөлігін құрайды. Барбара Клемм репортёр үшін аса құнды қабілетке ие: ол қажет сәтте қажет жерден табылып, кейін бүтін бір дәуірдің белгісіне айналатын суретті құжаттап қала алады. Ол да кездейсоқ сурет тәсілімен жұмыс істеді, бірақ жасырын фотоаппарат қолданбаған. Фотографтың суреттері автордың тақырыпты дәл білетіндігіне негізделіп, сол тақырыпты көпшілікке ашып береді. Иесінің кәсіби дағдысынан хабар бере қоймайтын кішкене әрі жеңіл фотоаппаратура оның маңызды оқиғалар мен ерекше жағдайларға қол жеткізуіне мүмкіндік берген. Сөйтіп Барбара Клемм саяси және қоғамдық оқиғалардың бүркеулі суреттерін жеткізуге жол табатын.
Тарих пен өнерге қызығушылық танытатындардың барлығын «Уақыттағы саяхаты» фотокөрмесін тамашалауға шақырамыз. Біз дүйсенбіден басқа күн сайын 10: 00-ден 17: 00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Айдың соңғы күні - демалыс күні