Оқиғалар

«ТАҢ-ШОЛПАН» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ   ТӘУЕЛСІЗ  ӘЙЕЛ  СУРЕТШІЛЕРІНІҢ  ҚОРЫ

Бұл «Таң-Шолпан» ХТӘСҚ-дың орта буын және жас суретшілер шығармашылық көрмесінде санадан тыс дүниені құрайтын және ішкі әуен үндестігін сездірте баян етеді. Суретшілер қоршаған ортаның тепе-теңдік үйлесімділгін жан-жақты електен өткізе, өзіндік ерекше композициялық идеясымен  және көркемдік мәнерімен көрініс табады. Айталық олар тақырыптық композицияларында аңыз бен көне тіршілік тылсымын, бүгінгі қала мен дала өмір тынысын бейнелей, ондағы атмосфераны көрерменге бүкпесіз жеткізген.

«Таң Шолпан» қорының атауы – қайта туылу, таңғы жұлдыз және әйелдің шығармашылық қуатымен байланысты. Қорда Қазақстан, Өзбекістан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Австралия, Германия, Канада, АҚШ елінен кәсіби суретшілер біріккен. Қордағы суретшілердің есімдері республикалық және халықаралық көрмелерден белгілі, олардың барлығын өзіндік көркем тілдері, бейнелеудегі ерекше формасы пен композиция ізденістері біріктіреді.

Бейнелеу өнер тарихында «өнер мен отбасы» тіршілігін қатар ұстаған әйел суретшілер аз емес. Олар айтарлықтай ерекше кәсіби шығармашылықта тұлғалық дәрежесімен танылып келеді. Әуелден-ақ, әйел табиғаты жаратылыстың сұлулығы мен ғажайып болмысын еркін және сезіммен қабылдайтын жандар. Сол тылсымды туындысында құбылта  бейнелей, өзінің жан дүниесін, сезімін, қуанышын, қайғысын анық суреттейді. Негізінде, бәрімізге белгілі өнерде әйелдер шығармашылығы ошақ қасындағы тіршіліктің бір болмысы ретінде түсінік қалыптасқаны. Дегенімен, кәсіби өнері тарихында есімдері алтын әріппен жазылған нәзік жандылардың шығармашылығы шеттеліп, әлемде тысқары қолған жоқ. Бүгінде әйел суретшілері сабақтас ұрпаққа үлгі болар шамада.

Аталмыш бірлестік, негізінде 1998 жылы ҚР суретшілер одағының мүшесі, суретші Жәмиля Тәкен «Таң-Шолпан халықаралық тәуелсіз әйел суретшілерінің қорының» негізін құрып, алғашқы көрмесін өткізді. Араға жылдар салып, 2019 жылы қордың президенті Жәмиля Тәкен оны қайта жаңғыртып, мақсаты бір суретшілердің басын қосты. Қазіргі кезде қоғамдық бірлестікке жергілікті және шет елдердің кәсіби суретшілері енген. Олар халықаралық, республикалық көрмелерде жеке шығармашылығымен танылған суретшілер.

Экспозицияда, мақсат-мұраты бір қор өкілдері әлемдік заманауи көркемөнердің деңгейі мен дәрежесін, сондай-ақ инновациялық ой-тұжырымын, ұлт ұлылығын, тұлғалық потенциялын ортаға салып, мағыналы да, мәнді туындыларын паш етеді. Сонымен қатар «Таң-шолпан» ХТӘСҚ суретшілері қоғамдағы үйреншікті тіршілік болмысындағы сұлулықты, әсемдікті, нәзіктікті, даналықты, руханилықты сермей туындай отырып, келешек ізбасарлаға үміт ұранымен үн қатады.

Көрмесінде 40-қа жуық кәсіби суретшілер қатысып отыр. Экспозицияда кескіндемелік, графикалық, мүсіндік, қолданбалы өнері туындылар (гобелен, киіз паннолар, шым шин) көрініс тапқан.

Көрме 2020 жылдың 23 наурызға дейін.