2024 жылдың 11 желтоқсан күні сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында ҚР Суретшілер одағы Алматы облыстық филиалының кезекті есеп беру көрмесі ашылады.
Бұл көрмеге Алматы облысының әр аудандарынан жиналған суретшілер қатысып отыр. Олар қазақ елінің өнеріне еңбек сіңіріп, өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген суретшілер. Кескіндеме, графика, мүсін, дизайн және сәндік қолданбалы өнер туындыларының авторлары. Олардың шығармалары бүгінгі күнде халықтың көңілінен шығып, сұранысқа ие болып жүрген туындылар.
Суретшілер басқа қалаларға, Алматы өңірлеріне жиі симпозиум, пленэрлер ұйымдастырып, ашық аспан астында табиғаттың әр-түрлі күйін кенеп бетіне түсіріп жүрген жайы бар. Туындыларынан сол табиғаттың сұлулығын, түстерді жақсы таңдап күрделі қолданғанын, қылқаламды шебер пайдаланғанын байқауға болады. Сондықтан, бұл көрмеде табиғаттың әр сәтіне үңіліп, сол табиғаттың ауа-райын сезініп, терең ойға батуға болады. Көрмеде кескіндеме туындыларымен қатар мүсін және сәндік қолданбалы өнер туындыларын тамашалай аласыздар.
Бұл көрменің қатысушылары: Марат Абдреев, Ахат Манапов, Нұрболат Искаков, Ермұхан Жүнісхан, Қазмұрат Боштаев, Әуелбек Искаков, Даулетбақ Малыбаев, Толқын Канкелді-Калимова, Тлек Чуленов, Берікқан Жақыпов, Марат Төтеев, Айсұлу Үсентаева, Айнұр Өмірзақ.
- Суретшілер одағы Алматы облыстық филиалы мүшелері қаңтар айында «Сарыағаш» демалыс аймағында 10 күндік пленэр өткізіп келді.
- 8 ақпанда Алматы қаласы Суретшілер одағы «Ұлар» галереясында Марат Төтеевтің «Сезім сырлары» атты жеке көрмесі өтті.
- 14 мамыр «Алматы» галереясында Марат Төтеевтің «Табиғатқа ғашық суретші» атты шығармашылық көрмесі өтті.
- Осы жылы 23-29 мамыр аралығында Алматы облысы Нарынқол ауылында, облыстық әкімдік және халықаралық Түріксой ұйымының ұйымдасыруымен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан мемлекеттерінің қатысуымен, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай халықаралық пленэр өтті. Осы пленэр жұмыстарымен Райымбек ауданы мәдениет үйінде үлкен көрме ашылды.
- 8 тамыз күні Жамбыл ауданы, Ақсеңгер ауылының мәдениет үйінде Әуелбек Искаковтың «Туған жер бояулары» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.
- Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы Алматы облыстық филиалы және Іле ауданы мәдениет үйінің қолдауымен 19 маусымда Ә.Қастеевтің (1904-1974) 120 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды.
- 10 қазанда Жетісу облысы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен, Суретшілер одағы Алматы облыстық филиалы мүшелерінің қатысуымен Панфилов ауданы Шежін ауылында симпозиум өткізілді.
- 24 қазанда Қонаев қаласында Алматы облыстық әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауымен Республика күніне орай Ахат Манаповтың жеке шығармашылық көрмесі өтті.
- Қарашада Алматы облыстың Суретшілер одағының филиалы Қонаев қаласында 3 күндік пленэр ұйымдастырып, Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінінің әдемілігін көзбен көріп, көркем шығармалар жазып келді.
Филиал мүшелері елеулі еңбектерінің арқасында Алматы облысының ұйымдастыруымен өткізілген «Ауылым – алтын бесігім» мәдениет күндерінің гала концертінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай өткізілген суретшілер пленэрінің арнайы степениясының иегері атанды.
Көрмені 2024 жылдың 20 желтоқсанына дейін тамашалауға болады.
Жұмыс уақыты: 10:00-19:00.
Көрме кураторы - Айсұлу Үсентаева