2024 жылдың 8 қараша күні сағат 16.00де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Шымкент қаласы суретшілерінің «Түрлі-түсті жаңбыр» топтық көрмесін ұсынады.
Аталған көрмеде осы өңірден шыққан Қазақстанға танымал, белсенді суретшілер Насыр Рүстемов, Араншы Шаржанов, Сұлтан Иляев, Абдуахат Мұратбай, Мұхтар Бекеновтың 50-ден астам туындылары қойылған. Олар постмодернизм үрдісі арқылы өз туындыларына өнердің қайнар көзі болатын қазақтың дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерін жақындата түсті. Мәдени менталитетті нығайту үшін кейбір шығармалардың мәтіндеріне мифологиялық үзінділер беріп, ұлттық идея, дәстүр мен заманауи көзқарастарды біріктірген.
Н. Рүстемовтың көрмеге қойылған «Аймен жарықтанғандар», «Егіздер», «Түн», «Жанұя» және т.б. графикалары ақ-қара түстің үйлесімінде шешілген. Автор ықшамды пішіндер мен бейнелерге сәуле шағылыстыруда, адамның ішкі болмысын тұңғиықтан шығарып суреттейді. Авангардтық ағымдардың негізіндегі кейбір бейнелерді орналастыруда дәстүрлі және жаңа формалардың ара-қатынасын іздейді. Қара фондағы ықшамды жазықтар майыса келген сызықтармен дөңгеленіп бет-әлпеттер мен сюжетті көріністерді құрайды. Айта кету керек, суретші-мүсінші еліміздің үлкен қалаларында адамдардың талғамының қалыптасуына әсер ететін кәсіби, терең мазмұнды ескерткіштер жасаған.
А. Шаржановтың «Күз», «Бұлақ басында», «Құрбылар» сынды т.б. композицияларында түстерді ойнатуы ерекше. Туындыларында қарбалас пен уайымнан айырылған баяулар өмір сүреді. Бұл ғылыми этнографиялық көзқараста, бір кездері өркениет шығындарынан азат болған халықтың өмір салты туралы ностальгиялық оймен ұштасады. Суретші қылқаламының ізімен пейзаждарында Оңтүстік Қазақстанға тән нәзік нюанстар эпикалық панорамалар орын алған. Ол таудың қыртысындағы, қардың үлпіліндегі, таңның атуындағы сәттерді еркін сезініп, реңктерді ұтымды қолданады. Суретші өз ішкі мәдениетінің арқасында, қазіргі таңда жиі кездесетін көшірмелер мен «кәдесыйлардың» азғыруынан аулақ бола алады.
С. Иляевтың «Күннің туылуы» 2023, «Ақ тау» 2023, «Толқын» 2024 «Бабалар үйі» 2024, және т.б. туындыларында қазақ сәндік-қолданбалы өнері, отбасы мүшелері, және жануарлар әлемі сынды элементтер негізгі орын алған. Ол мәңгіліктің бастауы болып табылатын уақытты кеңістікке енгізіп, рухани әлемге көз жүгіртеді. Автор қандай да бір кодтарды сипаттайтын белгілерді жетілдіруде олардың мағыналарын шоғырландырып, жаңа идеяларды көтереді. Әсіресе, көркемдік синтез түрінде көрініс тапқан «адамгершілік құндылықтары» мәселесі суретшіні толғандыратыны анық. Рәміз, белгілерден құралған композициялардың пішіндері сәндік дыбысты түспен жазылып, салыстырмалы пластикалық формаларымен алмасады. Осылайша шебер өзінің жеке стилистикасын, дара қолтаңбасын жасай алды.
А. Мұратбайдың «Ескі ауылда», «Алтын қайық», «Айтыс», «Құрбандық» және т.б. шығармаларында қазақтың ұлттық образдары модернизм ағымымен үйлесіп, құрақ техникасы стилінде жазылған. Кескіндемешінің өнерінде символдар мен бөлшектерде жасырылған ұлттық философияның элементтері, күрделі сәндік формалардың пластикасы арқылы көрінетін декоративтілік кездеседі. Кенеп беттеріндегі жағыстар қолдан жасалған гобелендерге ұқсас. Жұмыстар бір әдісте жазылған, бірақ автор стилистикалық шешімдердің шексіз алуан түрін табады, бұл көрерменді өз қиялының ойынына еруге итермелейді. Шығармалар көрме кеңістігіне халық мерекесінің көңіл-күйін әкелетін қуанышты атмосфера сыйлайды.
М. Бекеновтың «Кеме», «Афросиаб», «Келте Машат», «Аристотель мен Әл-Фараби», атты шығармаларында көне түркілік елді мекендер, ұмытылып бара жатқан рухани мәдениеттер туралы мәселелер көтерілген. Ежелгі өркениеттердің жетістіктеріне жүгіну, ұлттық бастауларға жеке назар аудару оның көркем қолжазбасын айқындайды. Қылқалам шебері өз шығармаларын шынайылықтан бастап, сәндік дерексіз формаларға дейін өзгертіп, жаңа композицияларды туындатады. Оның кейбір туындыларда өрнектелген ашық бояу жағыстары цифрлы теңбілдер іспетті құралған. Мұнда қызықты поэтикалық ойлар мен философиялық мазмұндар өзара тұтасып заманауи кескіндеменің дәстүрін береді.
Суретшілер жайлы қысқаша мәлімет:
Рүстемов Насыр Ачилұлы – кескіндемеші, мүсінші, ҚР Мемлекет сыйлығынын иегері, «Құрмет» орденімен марапатталган. Қазақстан көркем академиясы Түркістан ұйымынын толық мүшесі (академик), 1947 жылы ОҚО, Қазығұрт ауданы, Жана-базар ауылында туылған. 1974-1980 (Мәскеу) И.Суриков атындагы академиясынын үздік түлегі.
Шаржанов Араншы Анарбайұлы – кескіндемеші, КСРО СО мүшесі, ҚР СО мүшесі, Өзбекстан Республикасының СО мүшесі. «Ерен еңбегі үшін», «Өзбекстан Бадии академиясы», «Бенелеу өнеріне сіңген еңбегі үшін» медалдарымен марапатталған. 1953 ОҚО, Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 1982 – А.Н.Островский ат. Театр және сурет өнері институтын тәмамдады. Көптеген республикалық, облыстық, қалалық көрмелерге қатысты.
Иляев Сұлтан Ғаниұлы – кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері, КСРО СО мүшесі, ҚР СО мен ДО-ның мүшесі, ҚР СО Шымкент ұйымының Басқарма төрағасы. 1954 Шымкент қаласында атақты суретші Ғани Иляевтің отбасында дүниеге келген. 1977 – Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген.
Мұратбаев Абдуахат Тұрғанбекұлы – кескіндемеші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР СО мүшесі, республикалық, шетелдік және облыстық көрмелердің қатысушысы. 1960 жылы 19 наурызда Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Екпінді ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Шымкент көркемсурет училищесін, 2004 жылы Бішкектегі Қырғыз педагогикалық университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» факультеті бітірген.
Бекенов Мұхтар Аппозұлы – кескіндемеші, ҚР Өнер академиясының академигі, КСРО СО мүшесі, ҚР СО мүшесі. «КР Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері, Халықаралық симпозиумдардың лауреаты. «ҚР тәуелсізідігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен 1960 Шымкент қаласында дүниеге келген. 1981 – Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдады.
Экспозиция қараша айының 28-не дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі - Сандуғаш Мырзабекова