2024 жылғы 5 қыркүйекте сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде «Еркін суретшілер бірлестігі» ұйымының қолдауымен Латиф Қазбековтың «Қағаз әлемдері» және Андрей Бистидің «Темір мысқыл» атты экспозицияларының вернисажы өтеді. Көрмеге авторлық қағаздағы 111 акварельді, бедерлі композициялар мен тушь суреттері, иллюстрациялар, сондай-ақ 40 мүсін қойылады.
Авторлар мен ұйымдастырушылардың баспасөзбен кездесуі 15:00-де.
«Жарқын жеке шығармашылық қолтаңбасы бар қазіргі заманғы ресейлік танымал шеберлердің бұл көрмесі біздің мемлекеттер арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту жолындағы тағы бір маңызды кезеңі болады» - деп атап өтті Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Жұмабекова Гүлайым Мұсағұлқызы.
Жоба «Еркін суретшілер» өнер және мәдениетті дамыту ұйымының қолдауымен жүзеге асырылды, оның негізін Юрий Иванович пен Дмитрий Иванович Саулиди мәдени мұраны сақтау, ұрпақтар сабақтастығы, тарихи байланысын пайымдау және осы тәжірибені заманауи өнерде жүзеге асыру мақсатында қалады.
Латиф Қазбеков – суретші-график, Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, Ресей суретшілер одағының мүшесі, Санкт-Петербург қазіргі заманғы өнер академиясының мүшесі. Туған жері Қазақстан, ол Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін Борис Петрович Пак шеберханасында бітірген. И.Е. Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтының графика факультетінде, профессор Г.Д. Епифановтың кітап графикасы шеберханасында оқыған. Көп қабатты қағаз жасаудың өзіндік техникасын ойлап тапты, соның арқасында әрбір парақ акварельді кескіндемеде түс пен бедерлі фактураның керемет әсерін тудырып, жалғыз туындыға айналады. «Латиф Қазбековке тән лирикалық-философиялық ойлау қабілеті көрерменнің интеллектуалдық әлеуетін және оның эмоционалдық қабылдау қабілетін жұмылдыруға арналған гротеск элементтері бар символдық картиналарда немесе астарлы суреттерде өз көрінісін табады», - деп атап өтті өнертану докторы Д.Северюхин.
Андрей Бисти – танымал ресейлік график, кескіндемеші, мүсінші, Мәскеу суретшілер одағының мүшесі. Мәскеу полиграфия институтын бітірген, П.Г. Захаровтың, В.Н. Ляховтың, А.Д. Гончаровтың жанында білім алған. Соңғы кездері суретші мүсін жанрында белсенді жұмыс істеуде. Өз жұмыстарын ол жасаған композицияларға өткеннің утилитарлық мәні бар заттарды қосу әдісімен жасауда. Суретшінің шығармашылығының негізгі сәті экспериментке деген қызығушылық болып табылады. К. Победин суретшінің шығармашылығына арналған мақаласында былай деп түсіндіреді: "Үш өлшемді металл композициялар мысалындағы ойдың жаңашылдығы мен қиялдың тыныштығы бір адамның табанды жасампаз еңбекке қабілеттілігімен үйлеседі... Соғылған бұйымдардағы тыныш сенімді күш, оның ескі пайдалы функциясымен бірге суретшінің қиял «металл метафораларына» өзекті сенімділік береді.
Көрме 2024 жылдың 6 қазанына дейін жалғасады.
Куратор - Вологодская Виолетта