2024 жылы 15 мамырында сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында (Желтоқсан, 137) жыл сайынғы музей қызметкерлерінің қатысуымен өтетін «Көктем нұры» атты көрмесі ашылады. Көрме 18 мамыр – дүниежүзілік музей күніне арналады.
Музей қызметкерлерінің «Көктем нұры» көрмесі жақсы дәстүрге айналып, 20 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді. Экспозицияда 180-нен астам жұмыстар ұсынылған. Бұл кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер туындылары. Аталмыш көрмеге 33 суретші қатысуда. Олардың қатарында: Еркін Нұразхан, Анжелика және Венера Уразбековалар, Гүлжан Қалдыбаева, Гүлшат Қожамжарова, Ғалым Оспанов, Аида Елеуова, Бегайым Қасымбекова, Гүлнар Жұваниязова, Наталия Баженова, Айсұлу Үсентаева, Вячеслав Цейтлин, Алма Қайранбаева, Бахтияр Ділдәбеков, Гүлнұр Жұбанова, Алмат Оспанов, Әсел Момбекова, Равиль Нарегеев, Темірәлі Нәжімеденов, Гүлденай Бекбаулиева, Ақжарқын Құмарбаева, Анастасия Белова, Балнар Абиолла.
Әрбір қатысушы бірлігі бекем ұжымның белді мүшесі болып табылады және музейдің түрлі іс-шараларына өз үлесін қосады. Ғылыми қызметкерлер, реставраторлар, қор сақтаушылары, экспозиция бөлімінің, музей педагогикасы және жоба қызметі бөлімінің қызметкерлері, экскурсоводтар – барлығы да өз ісінің хас шеберлері. Бірақ жеке шығармашылық – шабыт пен жаңарудың қайнар көзі, бай әлеуетті арттыруға, көрермендермен сезімі мен ойын бөлісуге мүмкіндік ашады.
Биылғы жылы музейдің қазіргі кездегі қызметкерлерімен бірге кезінде өз еңбек жолын осы музейге арнаған суретшілер өз туындыларын ұсынды. Олар: Рауза Көпбосынова, Күләтай Смағұлова, Мұрат Мұхамеджанов, Меруерт Мырзабекова, Галина Сырлыбаева, Ботагөз Нұрпейісова, Зәуре Смағұлова, Гүлмарал Тәтібаева, Гафура Қайырбекова, Карина Азимжанова (Крылова).
«Біз әрқашан өнер туындысының эмоционалдық, рухани әсерін сезінеміз. Ләззат сезімі, рухани үйлесім, сезімнің ұшталуы, ойдың оянуы, сан алуан палитра, осының бәрі бізге шынайы өнер туындыларына ой жүгіртуге мүмкіндік береді. Кез келген баға жетпес қазына жинақталған жер адамзаттың эволюциялық ілгерілеуі үшін қажетті рухани қуат көзіне айналады», – деп жазды кезінде суретші, философ, қоғам қайраткері Николай Рерих.
Шығармалардың сюжеті алуан түрлі және бүгінгі күн шындығын да, авторлардың идеялық-философиялық, эстетикалық көзқарасын да көрсетеді. Әр суретшінің өзіндік стилі, техникасы және сүйікті материалдары бар. Суретшілерді еліміздің шексіз алуан түстері мен табиғи пейзаждары қызықтырады. Пленэр жұмыстары мәнерлі және кәсіби деңгейде орындалған. Көрерменнің көз алдынан қаланың және Алматының маңындағы елді мекендердің танымал жерлері мен мүлде бейтаныс пейзаждар пайда болып, әсем Отанымыздың басқа да аймақтарының сұлулығын асқақтатады.
Портрет суретшісі – адам мен уақыт арасындағы делдал есебінде болып табылады. Портреттердегі бейнелері шынайы, анық. Авторлардың бейнелеріне қарап біз өзара қандайда бір байланыс бар екенін сезінеміз. Ана тақырыбы туындыларда мәңгілік әсерлі көрініс тапқан.
«Нағыз суретшінің жоспары қашанда оны жүзеге асыру уақытынан да көп», – дейді белгілі суретші Жаңатай Шәрденовтің ұлы Арыстан Шәрденов. Және шынымен де солай. Қанаттарда қаншама эскиздер күтіп тұр! Музейде жұмыс істеу шығармашылық жұмысқа көп уақыт қалдырмауы мүмкін, бірақ жеке шығармашылықпен айналысудың бұл баға жетпес сағаттары суретшілер үшін қымбатқа түседі. Ал музей атмосферасы оларды одан әрі жүзеге асыру үшін санада жаңа идеяларды шабыттандырып, тудыруды ешқашан тоқтатпайды. Көрмеге қош келдіңіздер!
Наталия Баженова
Көрмені 2024 жылдың 15 маусымына дейін тамашалауға болады.
Көрме кураторы: Айсұлу Үсентаева