2023 жылдың 28 қыркүйегінде сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Санкт-Петербург көркемөнер академиясы «Фигуративті өнер» көрмесін ұсынады.
Көрме Санкт-Петербург академиялық мектебінің оқытушылары мен түлектерінің жүзден астам жұмыстарын көрермендерге ұсынуға мүмкіндік береді.
Санкт-Петербург өнер академиясы дарынды суретшілерді, мүсіншілерді және сәулетшілерді оқыту және тәрбиелеу мақсатында XVIII ғасырдың ортасында (1757 жылы негізі қаланып, 1764 жылы тағайындалды) құрылды. Алғашқы ұстаздар еуропалықтар болды, уақыт өте келе көрнекті орыс суретшілері оларды ізін басты. Нева жағалауындағы зәулім ғимараттың қабырғаларында библиялық және қаһармандық-патриоттық тақырыптарға арналған суреттер мен мүсіндер, классикалық архитектуралық формадағы қоғамдық ғимараттардың жобалары жасалды. Мұнда әрқашанда бейнелі шешімдердің мәнерлілігі, композициялық және пластикалық тұтастық, түс үйлесімділігі, өнер синтезі жоғары бағаланған.
Санкт-Петербургтегі өнер академиясы білім беру мекемесі ретінде ойластырылған. Патшайым Екатерина дәуірінде мұнда тіпті бес-алты жастағы балаларды қабылдайтын Тәрбие беру училищесі де ашылды. Ал он тоғызыншы ғасырдың аяғында бір шаңырақ астында еңбегі сіңген суретшілер өкілдік еткен Императорлық көркемөнер академиясы мен бастауыш даярлықтан өткен жас жігіттер мен қыздар оқитын Жоғары көркемөнер мектебі болды. Кеңес өкіметі дәуірінде, 30-жылдары, империялық амбиция күшейгеннен кейін, тарихи ғимаратта Бүкілресейлік көркемөнер академиясы мен Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институты, сондай-ақ «Дарынды жасөспірімдер мектебі» деп аталатын Орта өнер мектебі болды.
Императорлық Ресейде және Кеңес өкіметі тұсында Көркемөнер академиясы тек білім беру орталығы ғана емес, сонымен қатар ауқымды мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тәжірибесі мен білімі бар сарапшылар қауымдастығы болды.
Мұнда көркем мұраны сақтау және зерттеу жұмысы ұзақ тарих бойында мұқият жүргізілді. Кескіндеме және мүсін факультеттерінде өнер туындыларын қалпына келтіру шеберханалары, сәулет факультетінде – сәулет өнерінің мұрасын қалпына келтіру және реставрация шеберханалары бар.
Дәрістер сәулет және өнертану факультеттерінде бакалаврдарды/магистрлерді, кескіндеме, мүсін және графика факультеттерінде мамандарды дайындау бағдарламалары бойынша жүргізіледі. Оқыту сонымен қатар аспирантура және ассистент-тағлымдамашы бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Академияның түлектеріне суретші-кескіндемеші, театр суретшісі, суретші-реставратор (реставрация санаты беріледі), график-суретші, суретші-мүсінші, мүсінші-реставратор, сәулетші-суретші, сәулетші-реставратор және өнертанушы мамандығы беріледі.
Академиялық мектеп классикалық реалистік өнер дәстүрлеріне адал болып қалады, «қарапайым нысаннан күрделі нысанға беттеу» әдісімен қолөнерді игеру дәйектілігімен дамытады. Сурет бұл маңызы зор пән болған және болып қалады. Табиғатқа, адамға үнемі зер салу, анатомияны, пропорцияларды, перспективаларды зерттеу бүгінгі күнге дейін оқу бағдарламасының негізінде жатыр. Суреттерге үлгі ретінде ұсынылған тұғалардың бейнелерін барлық курстардың студенттері салып, мүсіндейді. Академиялық білім беру жүйесінде студенттер теориялық сабақтарда және оқу тапсырмаларын орындау барысында танысатын композиция заңдылықтарын зерттеуге көп көңіл бөлінеді.
Студенттер аудиториялық сабақтардан басқа Ресейдің ең ірі музейлерінде өнер туындыларын зерттеуге мүмкіндік алады. Көркемөнер академиясының Пушкин тауларында мен Алупкада жазғы тәжірибеден өту базалары бар.
Санкт-Петербург көркемөнер академиясы ресейлік азаматтармен қатар, әлемнің отыздан астам елінен, Еуропа мен Азиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африка мен Австралиядан келген жас суретшілерді дайындайды. Соңғы жылдары Беларусь пен Өзбекстанда, Қытай мен Кореяда, Италия мен Испанияда академия түліктерінің орындаған жұмыстарының көрмелері өтті.
2015 жылдан бастап Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтының (2020 жылы Илья Репин атындағы Санкт-Петербург көркемөнер академиясы болып өзгертілді) құрылтайшысы болып табылады.
Көрмеде Хамид Савкуев пен Юрий Калютаның, Александр Чувин мен Максим Моргуновтың, Константин мен Екатерина Грачевтардың, Алексей Перепелкин мен Илья Зоркинның, Александр Тыщенко мен Иветта Лохматованың, Андрей Скляренконың және Максим Раздобурдиннің, Андрей Новиковтың және Екатерина Пильникованың жұмыстары қойылған.
Ә.Қастеев атындағы Қазақстан мемлекеттік өнер музейінің басшылығына және қызметкерлеріне осы көрмені дайындауға көмектескені үшін зор алғысымызды білдіреміз. Қазақстанмен тиімді ынтымақтастық қатынастарының жалғасы болатынына кәміл сенемін!
Илья Репин атындағы Санкт-Петербург көркемөнер академиясының ректоры
РКА академигі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері
Семен Михайловский
Көрме 2023 жылдың қараша айының 28-не дейін жалғасады.