Оқиғалар

Ресей Федерациясының 1960 жылдардағы өнері. Кескіндеме, графика, мүсін

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қорынан дайындалған посткеңестік республикалар туындыларының көрмесі ұсынылған экспозициямен аяқталады. Жоба 2017 жылы басталған болатын. Көрермен Балтық, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Украина, Молдова, Беларусь шеберлерінің шығармашылығымен қатар, Ресей Федерациясының 1930-1950 жылдардағы өнер туындыларымен танысуға мүмкіндік алды.

1960 жылдар өнері – Хрущевтың «жылымығы» кезінде қалыптасқан Кеңес одағындағы өнердің ерекше құбылысы, 1920-1930 жылдардағы орыс өнері дәстүрлерінің сабақтастығы мен елеулі фольклорлық реңктердің көрінісі. Осы замандағы өнерге «қатаң стиль» терминін қолдануға болады, ол ерекше орыс көркемдік бағытына айналды және бейнелеу өнерінің – кескіндеме, мүсін, графика сияқты барлық түрлерінде өзін көрсете білді. Суретшілерді 1950-ші жылдардағы өнерге тән жалған пафосты, шеруді, сипаттаманы, ойдан құралған салтанатты көрсетпей-ақ, өмір шындығын бейнелеуге бағытталған ұмтылысы біріктірді.

Бұл қойылған міндеттерге – монументтілік, алуан түстердің ұстамдылығы, кенептің ауқымды форматтарына ұмтылыс сияқты негізгі көркемдік әдістер сәйкес келді. Композициялар ықшам, оларда кездейсоқ, өткінші нәрсе жоқ. Алпысыншы жылдардағы суреттерде жаңа кейіпкерлер де сомдалған. Олар «сұрапыл» мамандықтардың өкілдері – полюсті зерттеушілер, геологтар, құрылысшылар, теңізшілер. Олардың шынайы және асқақ романтикалық бейнелері ең көрнекті және әйгілі суретшілер – Н. Андроновтың  «Құрылысшылар», П. Никоновтың «Сұрапыл тіршілік», В. Попковтың «Көкшетау даласында», И. Смолиннің «Полярлық Оралдың еңбеккерлері» атты туындыларында сомдалған.

Көрмеде туындылары ұсынылған барлық суретшілер, елдің алдыңғы қатарлы көркемсурет университеттерін тамамдаған – В.И. Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік өнер институтының және И.Е. Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және графика институтының түлектері.

Кейбір тұлғаларды қоспағанда, олар бейнелеу өнерінің барлық жанрларында өздерін көрсете білді.

Суретшілер пейзажға ерекше назар аударған, оның дамуы бірнеше бағытта өтті. 1960 жылдары суретшілердің «Солтүстікке» бағытталған жаппай «әуестенуі» басталады, оның қарапайым сұлулығы – П.Смолиннің «Оңтүстік полярда», В. Стожаровтың «Карпогоры», В. Ивановтың «Балықшылар слободасы», В. Васиннің «Абрам мүйісі. Айлақта» атты туындыларда сол уақыттың эстетикасына толық жауап берді.

Басқа суретшілер кескіндеме бетінде орыс селосы мен шағын қалалардың бейнесіне, ауыл адамдарының қарапайым және өздеріне жақсы таныс өміріне, сыртқы келбеті қарапайым, бірақ жүрекке жылу беретін табиғатқа көңіл бөле отырып, өздерінің барлық шығармашылық жолдарын айқындаған тақырыпты тапты. Мысалы, В. Сидоровтың «Алғашқы тәж», А. Бубновтың «Күз», В. Саксонның Байкалға арналған пейзаждарының сериясын атап өтуге болады.

Портреттік жанрда М.Девятовтың жұптасып мәнерлеп сырғанаудан Кеңес Одағының  алғашқы екі дүркін Олимпиада чемпиондары «Людмила Белоусова мен Олег Протопоповтың портретін» атап өтуге болады. Олар конькилердің өткір табанымен тілімделген мұз айдынының аясында бейнеленген. Бұл жолақтарда олардың жүріп өткен сұлбасы суреттеледі, олардың спортқа тер төккен жылдарымен ұштастырылатын  Ленинград қаласының бейнесі қалыптасады.    

   А. Никич – өзінің шеберханасының «сұрапыл» әлемін көрсеткен «Шеберханада» атты тақырыбында кескіндеме туындыларының тұтас сериясын жасаған «қатаң стильдің» жарқын тұлғаларының бірі. Циклден алынған – «Ашық түсті мата. Натюрморт», «Музыка тыңдап отырған модель» атты бірнеше картиналар МӨИ топтамасында ұсынылған.

Көрме бірегей, бірақ көпшілікке аз танымал суретшілерді ұсынады. В. Штраних 1888 жылы дүниеге келген, әйгілі орыс суретшісі К. Коровинмен бірге Үлкен театрда жұмыс істеген, содан кейін өзінің көркемдік білімін оның қоластында Мәскеу қаласының кескіндеме, мүсін және сәулет училищиесінде жалғастырған. Оның «Мәскеу түбіндегі көктем» атты пейзажы жарқын, динамикалық, жаңа уақытқа сәйкес келеді.

Әйгілі С.Урусевскийдің тұлғасына да назар аудару қажет. Ол тек кинооператор, режиссер ғана емес, суретші болған. Ол кеңестік кино өнерінің классикасын – актриса В.Марецкая басты рөлде ойнаған «Ауыл мұғалімі», «Қырық бірінші» және «Тыраулап ұшқан тырналар» фильмдерін түсірген бірегей тұлға. Көрмеде оның ғажайып кескіндеме жұмыстары – портреттер мен натюрморттар – өткір, мәнерлі, эмоционалды шиеленісті тудыратын күрделі ракурстары бар туындылары орналасты.

Өнерді бір бағыттың аясында шектеу қиын. Барлық суретшілер «қатаң стильдің» әсерін сезінді деп айта алмаймыз. Шығармашылықта лирикалық интонациялар да бар. Суретшілер отбасы (О. Вуколовтың «Менің достарым», И.Лаврованың «Қызғылт үй»), сезімдерді оятатын көктем (Н. Ливчактың «Жастық шақ»), халық шығармашылығы (К. Максимовтың «Шілтерші») тақырыбына көңіл бөлді. Кескіндеменің әр алуан түсі де өзгереді. Суретшілер ашық түстерді – қызғылт, көгілдір, нәзік ақшыл көк, мөлдір ашық сұр түстерді қолданды.

Көрме тақырыбы мүсін өнерінде де жалғасын тапты. Сол жылдары ағаш өнеріне қызығушылық қайта жанданған еді. М. Вознесенская – осы материалмен жұмыс істеген мүсіншілердің ең танымал өкілдерінің бірі. Оның «Рязань қызы. Сүйіктім неге келмейсің?» атты композициясы халық шығармашылығының бастауларына, орыс ағаш мүсін өнері дәстүрлеріне деген қызығушылығын көрсетеді.  

Көрме музей топтамасы туралы көзқарасыңызды кеңейтуге, танымал суретшілердің жаңа туындыларымен танысуға, олардың шығармашылығының бірегейлігін сезінуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

Көрме сәуір айының аяғына дейін ашық болады.

Галина Сырлыбаева – көрме жетекшісі

33068286311972424478460026228116740104048955n
33081496656186016416010166320007710587924936n
330972816704187321361373785336837725463906n
----1964
-----1964
-----1966
---1966