Оқиғалар

Республикасы Суретшілер одағының есеп беру көрмесі

2022 жылдың 16 қараша күні сағат 16:00 Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының кезекті ХІХ съезі қарсаңына арналған есеп беру көрмесі өтеді.

Аталмыш көрмеде, суретшілер әртүрлі жанрда композициялық креативті ой-тұжырымдарын мейлінше айқындап, қазіргі заманның өзекті мәселелерін баяндай, заманауи қазақ кәсіби өнерінің жаңа қырынан танытты. Сонымен қатар, әрбір туынды көркемдік шығармашылықтың бүгінгі деңгейінен көрініс бере отырып, авторлық стиль мен тақырыптық, композициялық концептуалды шешімдерінің жолын анықтауға мүмкіндік береді. Экспозиция бейнелеу мен қолданбалы өнерінің әрбір жанрдағы реалистік, абстракциялық, авангардтық, минимализмдік, концентуалдық мәнердегі көркемдік идеяларын кеңінен танытады.

Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының кезекті ХІХ съезі қарсаңына арналған есеп беру көрмесіне көрме сарапшы комитетінің шешімі бойынша еліміздің: Астана, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Тараз, Шымкент, Алматы, Алматы облысы өңірінен 120-дан астам суретшілердің шығармашылық туындылары іріктелді. Көрмеде 150-ге жуық кескіндеме, графика, мүсін, қолданбалы өнері бойынша – гобелен, керамика, киіз, кесте өнерінен шығармашылық туындылар орын алады. Экспозицияда туындылар түпнұсқада да, сондай-ақ онлайн форматта да көрсетіледі.

Көрменің ерекшелігі Қазақстанның әрбір өңірінен қатысқан суретшілер өз белсенділіктерін танытып, осы есептік көрмеде аға буыннан бастап із басар жас суретшілер өмірлік тәжірибесін, ішкі әлемін, өзіндік тұлғалық мәнерін, креативті тұжырымын, өзгеше потенциялдарын ортаға салып, мағыналы да, мәнді туындыларын ұсынады.

         Суретшілер қазақ бейнелеу өнері қай заман болса да, ұлттық қасиеттің болмысын, ондағы дүниетанымдық дәстүрлі көзқарасты сабақтастыра, әлемдік өнер аренасында жаңашыл ұлттық тілде жете танылуын мақсат етеді. Қоршаған ортаның тепе-теңдік үйлесімділігі, аңыз бен көне тіршілік тылсымы, бүгінгі қала мен дала өмір тынысы, оның атмосферасы сияқты тақырыптық композиция бойынша өздерінің ойларын бүкпесіз кенеп бетінде бейнелеп, мүсінде сомдап көрсетті.

Суретшілердің шығармашылық туындылары ұлттық тарихты, мәдениетті, салт-дәстүрді дәріптейтін және бүгінгі таңдағы әлеументтік тақырыпта сыр шертетін туындылары ой-сананы сан тарапқа жетелейді. Сондай-ақ, экспозициядағы әрбір шығармашылық туындылардың композициялық және коллориттік шешімдері, ондағы динамикалық үндестік пен өзара тұтастық уақыт пен кеңістік болмысын дәріптейді.

Заман ағымына қарай суретшi ненi болса да жаңа көзқараспен бастайды. Сондықтан, суретшілер өз заманының куәгері ретінде ой-түйсіктерін көрермендеріне дер кезінде жеткізуге ұмтылады. Әлемдік өнер -­ уақыт пен кезеңнің қозғалысында заманына қарай жаңашыл жаңғырыққа бай.

Суретші – әлемінің құбылысын астыртын мәлімдей, көрерменге тіршілік пен қоғам шындығын еркін санаға жеткізетін, әрбір қозғалысты сермей сызып, ондағы тылсым дүниенің болмысын өнер тілімен түсіндіретін жыршы. 

Көрме жетекшісі: Жуваниязова Гулнар,

Әбілхан Қастеев ат. ҚР МӨМ-нің «Педагогика және жобалау қызметі» бөлімінің жетекшісі