Оқиғалар

«Кездесу. Әбішев әлемі» атты көрмесі

2022 жылы 19 қазанда сағат 16.00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әбішевтің туғанына 75 жыл (1947-2017) толуына арналған «Кездесу. Әбішев әлемі» атты көрмесінің ашылуы болады.

Экспозицияға автордың 40-қа жуық мүсін туындылары мен монументалды ескерткіштердің фотосуреттері ұсынылады.

Мүсінші Бақытжан Әбішевтің шығармашылығы 1970-шы жылдары Қазақстан бейнелеу өнеріне  өзіндік ұлттық мәнерімен енді. Оның шығармашылығының құндылығы, туындыларының  сюжеттік мазмұнының ауқымдылығымен, пластикалық шешімдерді табудағы шеберлігі мен кеңістікте мүсін жасаудағы еркіндігімен ерекшеленеді.

Бақытжан Әбішев Әлімұлы 1947 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келді. 1969 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1975 жылы В.И. Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген.  

Мүсіншінің шығармашылығындағы  жылқы образы ерекше орын алады. Оның «Құлагер»(1986), «Ұран» (1986), «Жауынгер» (1987) туындылары қазақ халқының рухын сездіретін күрделі динамикалық қозғалыста берілген. Оның әйел образындағы композицияларының кейіпкерлері - әйел-ана, ошақтың қамқоршысы, атқа қонған қайсар қыздар. Б. Әбішев олардың бейнелерін сомдау арқылы өзінің сұлулық, адамгершілік, рухани тектілік және өз халқына жанқиярлықпен қызмет етуге деген ұмтылыс туралы ұғымын  бейнелейді. Оның «Умай» (1986), «Күту» (1985), «Томирис» (1994), «Аттылы» (2004) атты туындылары композиция силуэттерінің экспрессивтілігі мен музыкалылығымен баурайды. Суреткердің мүсіндік туындыларының көбісі қазақ тарихымен, халық өмірі және салт-дәстүрімен тығыз байланысты. 

Станоктық мүсіннен басқа Бақытжан Әбішев монументалды пластика саласында табысты жұмыс істеді. Ол Қазақстанның әртүрлі аймақтарында орнатылған қазақ халқының ұлы тұлғалары мен батырларына арналған көптеген ескерткіштердің авторы. Олардың арасында: «Жамбыл Жабаев» (1996, Алматы), С. Сейфуллин (Қарағанды), С. Торайғыров (Баянауыл), Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы (2003, Атырау), Әлия Молдағұлова (2004, Ақтөбе. 2008, Астана. 2005, Мәскеу.) т.б. бар. Мүсіншінің туындылары Ә. Қастеевтің музей қорында,  Германия,  Швейцария, Мәскеу елдерінің  жеке коллекцияларында сақтаулы.

Бүгінгі «Кездесу. Әбішев әлемі» атты көрмесі көрермендерін мүсінші жасаған бейнелердің ерекше және бай әлеміне үңілуге шақырады, нағыз өнердің сиқырын сезінуге мүмкіндік береді.

Көрме қараша айының 19-на дейін  жалғасады.

Көрме жетекшісі - Л.О. Әбілдаева

3-
DSC6864
16---727-
DSC0344
s