2022 жылғы 26 тамызынан бастап, Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Қытай өнері» атты көрмесі назарларыңызға ұсынылады.
Бұл көрме осы жылы болатын маңызды атаулы күндер мен оқиғаларға арналған. Қытай Халық Республикасы – 30 жыл бұрын Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы елдердің бірі. Ал Қытай Ұлттық мұнай корпорациясы (Chaina National Petroleum Corporation) Қазақстан территориясында 1997 жылы жұмыс істей бастады. Содан бері 25 жыл өтті. Осы мерейлі датаға орай, Корпорация Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейімен серіктестік орнатып, музей коллекциясындағы жинақтардан «Қытай өнері» ғылыми каталогын басып шығаруға демеуші болды.
Өнер де дін сияқты, құпия шындыққа қызығушылық танытады. Қытай даналығына сәйкес, суретші Аспанның, Жердің және Адамзаттың мәнін ұғынбаса, аспанасты елінің мәдени дәстүрін де, өнерін де түсіне алмайды. Өнер халықтың рухы туралы ашық әрі нақты куәлік болып табылады. Қытай өнерінің бірегейлігі неде? Орталық мемлекеттегі екі ілім, яғни конфуцийлік пен даосизм қытай өнерін дамытуға әсер еткен мәдени климат қалыптастырды. Даосизм мен конфуцийлік ілімнің сабақтаса дамуы және өзіндік бірігуі қытай өнерінің формасын және мазмұнын жасады. Қытайлар барлық болмыстың бастауында тұратын, бір-бірін толықтыратын, бір-біріне арқа сүйейтін қарама-қарсы бірліктер «ян-инь» мәнінің идеясын басшылыққа алды. Олардың болжамына сәйкес, суретші классик, романтик болмауы мүмкін, бірақ ол міндетті түрде «ян» яки «инь» болуы керек. Оның шығармашылығында натуралистік және идеалистік сапа үйлесуі тиіс. Ал стилінде жалпыламалық та, тұлғалық та, дәстүр де, бірегейлік те көрініс табуы қажет.
Бұл елдің мәдениеті мен өнерінің ұлылығы - өзінің қайталанбас бейнесін мыңжылдықтар бойы сақтап, бүгінгі күнге жеткізе алуында. Қытай адамзат тарихындағы көптеген маңызды құндылықтардың негізін қалады. Орталық мемлекет фарфордың, қағаздың, оқ-дәрінің, компастың, кітапбасудың, жібек тоқудың отаны, сондай-ақ осы өлкеде тағы басқа да жаңалықтар ашылды, әлемдік деңгейде маңызы бар өнердің бірегей үлгілері жасалды. Музей Қиыр шығыстың шығармаларын 1935 жылы, яғни Алматыда Қазақ Мемлекеттік Көркемсурет галереясы ашылғаннан бері жинай бастады. 1936 жылы Москва мен Ленинградтың музейлері галерея қорына жүздеген экспонат өткізді. 1950 жылдардың ортасынан бастап қор жеке коллекциялардағы қызықты жұмыстармен толықты. Олардың арасында 16 ғасырға тән белгісіз суретшінің жібекке түрлі-түсті тушпен салған «Екі ханымның портреті» туындысы стиль тазалығымен, жарқын образдылығымен, көркемдік құндылығымен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда қытай өнері коллекциясында стилі, жасалу техникасы әртүрлі мыңға жуық экспонат бар. Қытайдың әлемдік мәденикетке қосқан сүбелі үлесі - көркем бронзаны пайдалану арқылы жасалған дүниелер. Көрмеден ата-бабаларына құрбандық шалуға арналған дәстүрлі металл ыдыстарды көруге болады. Сондай-ақ экспозицияда Будданың мүсіндері де қойылды. Шеберлердің әр детальді мұқият, дәл өңдегені, материалды барынша сезінгені байқалады. 18-21 ғасырлардағы қытай көзешілерінің туындылары каолиннен, яғни ақ балшықтан жасалған заттардың пішіндерінің, технологиясының, тұрмыста қолданылуының алуан түрлі әлемін паш етеді. Қытай ежелгі заманнан-ақ көркемдігі жоғары кестеленген туындылардың отаны ретінде де белгілі. Қолданбалы өнердің бұл түрін кейде «инемен кескіндеу» деп те атайды. Көрмеге 18 ғасырдың соңында жасалған «Алтын айдахар бейнеленген император халаты» қойылған. Сондай-ақ экспозицияда төрт мың жылдық тарихы бар көркемдеп ойылған тастарды да көруге болады. Бұл өнердің құпиясын шеберлер сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманттаған. Көрмеде осы технологиямен жасалған «Гуань Инь - нәресте сыйлаушы», «Үш құдай» мүсіндер тобы сияқты өнер туындылары қойылған. Экспозицияға 16-21 ғасырлардағы суретшілердің графикалық туындылары да енді. Шығармалардағы символикалық-игілікті сюжеттер қытай халқының дәстүрін, наным-сенімдерін толық, терең түсінуге мүмкіндік береді.
Көрме жетекшісі: Мария Копелиович – «Қытай өнері» каталогын құрастырушы және мақала авторы