2022 жылы 8 маусымда сағат 16.00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Павел Зальцманның туғанына 110 жыл (1912-1985) толуына арналған «Уақыт келбеті» көрмесінің ашылуы болады. Экспозицияға қылқалам шеберінің 1943 жылдан 1984 жылға дейінгі аралықта жазған 60-қа жуық жұмысы кіргізілді.
Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Павел Зальцманның шығармашылығы – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан бейнелеу өнеріндегі маңызды құбылыс. Оның шығармаларына көркемдік шешімнің эпикалылығы, образдардың романтикалылығы мен поэтикалық терең ойлылығы, қоршаған әлемді терең философиялық ұғынуы тән.
П. Зальцман 1912 жылы Кишинев қаласында дүниеге келді. 1925 жылдан Ленинградта (Санкт-Петербург) тұрып, еңбек етті. 1929 жылы П. Зальцман Павел Филоновпен танысып, «Аналитикалық өнер шеберлері» тобының қатысушысы болады. 1931 жылдан Ленфильм киностудиясында жұмыс істеді. 1942 жылы киностудиямен (ОКСБ) бірге Алматы қаласына эвакуацияланды. Әкесінің шыққан тегі неміс ұлты болуы себепті, П. Зальцманды НКВД-ның жергілікті органдары сыртқа шығу құқығынан айырып, арнайы есепке алды. 1945 жылдан Алматы киностудиясында қоюшы-суретші болып жұмыс істеді, 1948 жылы КСРО-да осы кезеңде қолға алынған космополитизммен күрес барысында, ол киностудиядан жұмыстан шығарылды. Бірнеше жыл Алматы көркемсурет училищесінде және Қазақ Мемлекеттік университетінде өнер тарихынан сабақ берді. 1955 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында бас суретші болып жұмыс істеді. П. Зальцман «Шекарада» (1937), «Махаббат дастаны» (1954), «Ботагөз» (1958), «Дала қызы» (1955), «Белгісіз жерге секіру» (1975) және т.б. фильмдердің қоюшы-суретшісі. П. Зальцман дарынды әдебиетші ретінде де белгілі. Оның қаламынан бірқатар қызықты поэзиялық және прозалық шығармалар да туды.
П. Зальцман ұлттық бейнелеу өнері тарихына дарынды график ретінде енді. Зальцмен өзінің ұстазы П. Филонов сияқты «кескіндемеде форманы, көлемді, түсті ғана емес, уақытты, материяның дамуы мен өзгеру процесін беру идеясын ұстанды» (М. Зусманович). Суретші өз шығармаларында суреттелген объекті мен образдың түстік-пластикалық құрылымын нақты анықтай отырып, парақтың әрбір сантиметрінің «атомарлық» жұмыс істеуін қадағалады. П. Зальцман акварельдік және ақ-қара парақтардың топтамасын жасады, олар: «Азия оттары», «Кешкі серуендер», «Түнгі серуендер» (1960), «Бетперделер», «Тәжірибелер» (1970), «Базарлар» (1973), «Ұмытуға болмайды!» (1961), «Қиын жол» (1961-1973), «Ескі кемежай» (1977).
Көрмеден П. Зальцманның «Махаббат дастаны» (1954), «Қазақстан әуендері» (1969), «Әл-Фараби» кинофильмдеріне жасаған эскиздерін де тамашалауға болады. П. Зальцманның әрбір шығармасы – ол өмір сүрген дәуірдің образдарынан көрінетін суретшінің жан дүниесінің тарихы.
1963 жылы П. Зальцманға Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. Суретшінің жұмыстары Бүкілодақтық және республикалық көрмелерге қойылды. Павел Зальцманның шығармалары Қазақстан, Ресей, Израиль, АҚШ, Франция, Германия, Австралия, Латвия елдерінің мемлекеттік және жеке жинақтамаларында сақтаулы.
Әмір Жадайбаев
Көрме жетекшісі,
Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ