Оқиғалар

Қанат Шүкірбектің «Өмір – өнер жолы» атты жеке мерейтойлық көрмесі

2022 жылы 26 мамырда сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде Қанат Шүкірбектің «Өмір – өнер жолы» атты жеке мерейтойлық көрмесі өтеді.

Көрмеге автордың 60-тан астам графикалық және кескіндемелік туындылары қойылған.

Шүкірбек Қанат Тоқтарұлы – Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі (1990), көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы. Жапонияда өткен халықаралық көркем плакат байқауының дипломанты (1995). Ол 1961 жылы 12 наурызда Семей облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1990 жылы Мәскеудегі В.И. Суриков ат. Мемлекеттік академиялық көркемсурет институтын «Графика» мамандығы бойынша бітірген.

1987 жылдан бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында оқытушы, профессор.

Шығармашылығындағы тарихи сюжеттер драматизмнің ерекше рухына және болып жатқан оқиғалардың шындық сезіміне толы. Бұл жанрлық шығармалардағы кейіпкерлер мүмкіндігінше табиғи әрі тұлғалық, әлеуметтік және рухани құндылықтарымен кескінделген. Автордың «Кер заман» (2010), «Бүркіт ұстаған аңшы» (2013) және т.б. шығармалары бар. Ал «Жер Ана» (2001), «Кер заман» (2010), «Алакөл» (2016), «Қазақстанның тәуелсіздігі туралы Алаштың арманы» (2017), «Арыстан баб», «Алтын күз» (2022) атты көркем кескіндемелік туындыларын ерекше атап өтуге болады.

Шығармалардың басты кейіпкерлері – жарқын болашаққа сеніп, оны өмірге әкелген, сөйтіп тарих барысын өзгертіп, Отанымыз бен халқымыздың сұлулығы мен шынайы құндылықтарын жырлаған, ұлы тұлғалар. Экспозицияда қоғамның қазіргі өміріне, адамдардың жұмыс күндері мен демалысына арналған суреттер ұсынылған. Суретші өзінің картиналарында көрген көріністерін жандандырып, қуатты идея мен әсерлі суреттеумен кескіндеп баяндайды. Ол түспен, кеңістікпен және сызықпен батыл жұмыс істейді. Бай қанық түстер гаммасында Қазақстанның таңғажайып әдемі табиғатын, оның заттық әлемін бейнелейтін пейзаждар мен натюрморттар жазған.

Портрет – Канат Шүкірбектің өзінің шығармашылығының алғашқы жылдарында-ақ қызыға қолға алған сүйікті жанры. Суретші көп жылдар бойы қазақ зиялыларының, ұлт батырларының, туған-туысқандары мен жақын адамдарының портреттер топтамасымен жұмыс істеді. Осы жұмыстарының ішінен қазақ халқының ұлы тұлғалары: Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жамбыл Жабаевтың портреттерін ерекше атап өткен жөн. Портреттегі суретшінің стилі шарттылықтан аулақ болуға, кейіпкерлерінің жан-жақты пластикалық сипаттамасын көрсетуге деген ұмтылысын көруге болады.

Суретшінің өзіндік таланты кітап иллюстрациясында сәтті жүзеге асырылды. Қанат Шүкірбек өз шығармашылығының басында «Өнер», «Атамұра», «Мектеп», «Жазушы» баспаларымен тығыз байланыста болып, балалар кітаптарының ондаған бетін түрлі-түсті графика техникасында безендірген. Суретшінің графикалық парақтары айқындығымен, мәнерлілігімен, бейнелігімен және идеялық толықтығымен сипатталады. Кітаптарға арналған иллюстрациялары, акварель қағазында түрлі-түсті қарындаштармен, оның түйіршікті құрылымымен жасалған басқа жұмыстары ерекше атмосфералық жұмсақтығымен ерекшеленеді.

Қанат Шүкірбектің туындылары жарқын, қанық колоритпен, жанды, темпераментті жазу мәнерімен, пішіндердің жеңіл фактуралы өңделуімен сипатталады. Ол қазақ ұлттық және бейнелеу өнерінің үздік дәстүрлеріне негізделген жаңа образдар жасаудың шебері. Оның шығармашылығы арқылы біз суретшінің өз тарихына, халқына деген шынайы сүйіспеншілігін, Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтындығын байқаймыз.

Көрме кураторы – Ғалия Әли

-----2017
--1990
--2021
--2022
-2016
--2001
-----2021
-----2017
--1990
--2021
--2022
-2016
--2001
-----2021