Оқиғалар

Жамбыл Жабайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған «Бақыт туралы жыр» атты мерейтойлық көрмесі

Ұлы жырау, қазақтың халықтық ауызша поэзиясының классигі, Жамбыл Жабайұлы (1846-1945) есімі еліміздің бір дәуірімен тығыз байланысты

«Жамбылдың үлгісі мен мектебі алыстан, халықтан,

 халықтық рухани қазынадан, халық даналығынан басталады.

Сондықтан да, Жамбылдың атақ-даңқы күллі әлемге әйгілі болды»

Мұхтар Әуезов

БАҚЫТ ТУРАЛЫ ЖЫР   

Ұлы жырау, қазақтың халықтық ауызша поэзиясының классигі, Жамбыл Жабайұлы (1846-1945) есімі еліміздің бір дәуірімен тығыз байланысты. Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің қырықтан астам шетел тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Француздың ұлы жазушысы, Ромен Роллан Жамбылға «Жаңа адамзаттың ұлы жыршысы» деп баға берген.

Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер музейі, Жамбыл Жабайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған    «Бақыт туралы жыр» атты мерейтойлық көрмесін ұсынады. Көрмеге, Ә. Қастеев атындағы өнер музейі қорынан алынған  30-дан астам кескіндемелік, графикалық және мүсіндік  туындылары қойылды. 

Көрмеде, Жамбыл бейнесін жазған қылқалам шеберлерінің туындылары, оның өмірінің кең танылған, соңғы он жылын көбірек қамтыған. Жамбылды өмірде өз көзімен көріп, бейнелеген суретшілердің бірі, Б.Чекалин, Ә. Қастеев, Р. Ардатов, Н. Ягодкин болған еді. Б. Чекалин үшін Жамбыл туындылары күнделікті өмірімен ұштасып жатты, кейіпкердің әрбір сәттерін көзден таса жібермей бейнелеуге тырысты. Б.Чекалиннің Жамбыл тақырыбындағы еңбектерін ұлы жыраудың өмір жолын баяндайтын кең көлемді монография десек те болады. Ә. Қастеев, Жамбыл  бейнесіне бірнеше рет тоқталған, ақынға арнап «Халық ақыны Жамбылдың портреті» (1937),  «Жамбыл достары арасында» (1971) т.с.с. атты туындыларын жарыққа шығарды. Ә. Қастеев Жамбылды қанша рет бейнелесе, сонша рет бірін-бірі қайталамайтын келбет жасады. Ол өткен еңбектерін қайталамау үшін ақының психологиялық ішкі жан дүниесінің алуан қырын аша білген.

Р. Ардатовтың «Жамбыл әні» (1940), Ә. Ысмайыловтың «Достық  әні» (1972)  туындыларында Жамбылды  көп тұлғалық композицияның ортаңғы бөлігіне орналастырған. Суретшілер осындай композициялық шешім арқылы, өздерінің туындыларындағы ақын образын елдің ойын, мұң-мұқтажын өз өлеңдерінде  жырлайтын халықтың адамы деген ойды білдіреді.

Кескіндемелік портрет жанрында А. Риттих, А. Черкасский, Г. Ысмайылова сынды суретшілердің жазған Жамбыл бейнесінен даналықтың, мейірім мен зерделіктің, табандылықтың нышандары байқалады.  

Графикалық портрет жанрында, Н. Крутильниковтың 1957 жылы  акварельмен жазған Жамбылдың  жүзіндегі әрбір сызықтарға дейін анық және табиғи жеткізілген. Жамбыл ойлы, орнықты, жинақы, ашық жанары зерделі болып көрінеді. Ал, Н. Гаев, А. Закворяшиннің туындыларындағы  ақынның қатқылдау ойлы жүзінен өткеннің өткір болмысын көрсеткендей.

1983 жылы Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің қорына Украинаның Сумы қаласынан Н. Ягодкиннің 1939 және 1940 жылдары акварельмен жазылған екі портреті түсті. Туындыларда бояу түстері нәзік, әрбір ұсақ детальдарды ұқыптылықпен бейнелеген.Ұлы отан соғысы жылдарындағы Жамбылдың шығармашылығының шыңына айналған «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңін Т. Говорова өзінің сериялық линогравюраларында  көрсетті.

Сонымен қатар, мүсін өнерінде де Жамбыл бейнелері ерекше орын алды. 1938 жылы Қазақстанға келіп, Жамбылды өз көзімен көре жүріп, оның бейнесін жасаумен айналысқан мәскеулік  мүсіншілердің бірі, И. Андреев еді. Бұл туындыда импрессоинстік тәсілде кейіпкердің бір сәттік көңіл-күйін дәл көрсеткен.

Қазақстанның мүсін өнерінің негізін қалаушы Х. Наурызбаев өз шығармашылығында Жамбылдың балалық шағынан бастап, қартайған күніне дейінгі аралықтағы бүкіл өмірін қамтыған ерекше оннан астам туындысын жарыққа шығарды. Аталмыш көрмеде,  Х. Наурызбаевтың «Жас Жамбылдың бас бейнесі» (1950) мен қария «Жамбылдың портреті» (1966) туындылары бар. Сонымен қатар, мүсіншінің  қоладан жасалған «Жас Жамбыл» (1958) атты туындысы Ә. Қастеев музейінің тұрақты экспозициясында орналасқан. Бұл жұмысында жалаң аяқ дала кезіп, домбырасына қосылып ән салып келе жатқан бала ақынды тұтас тұлғасымен көрсеткен. 

  «Бақыт туралы жыр» көрмесінде әр түрлі ұлт пен тарихи кезеңдегі кескіндемешілердің, графиктердің және мүсіншілердің шығармалары «ХХ ғасырдың Гомері» Жамбыл Жабайұлының эпикалық бейнесін өз шығармаларында нақтылы түрде көрсетуге ұмтылған біріктірілген туындылары ұсынылған, олардың өлеңдерінде ізгілік пен әділдік патшалығы туралы адамзаттың мәңгілік арманы, барлық уақытта адамдарды біріктірген бақытты жарқын болашаққа деген үміт айтылды

jambyl-002
jambyl-001
jambyl-003
jambyl-004
jambyl-006
jambyl-005