Самал Мамытова
ҚР Мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының кіші ғылыми қызметкері
ХХ ғасырдың 60–70-жылдарында Қазақстанның бейнелеу өнері елеулі оқиғалар мен жаңалықтарға, ізденістерге толы болды. Әрбір суретшінің еркіндікке бет бұрып, алға ұмтылуы нәтижесінде өз ой-пікірлері мен мақсаттары іске асырылып жатты. Осы кезеңде көркемөнердің әр саласында туындаған күрделі де көркем шығармалар бейнелеу өнері тарихының маңызды беттерінен орын алды.
Сондай туындылар қатарында «Махамбет» топтамасында батыр бейнесін ұтымды кескіндеген болашаққа үлкен сеніммен қараған М.Қисамединовтің шығармашылық мұрасы ерекше.
Осы жылдары көрме залдарының төрінен орын алған, көрермен қауымның көңілінен шыққан «Махамбет» (1973) топтамасы – суретшінің графикалық шығармаларының ең төресі.
«...Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Ерлердің ісі бітер ме?»...
– деп жырлаған ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын, батыр Махамбеттің нақты портретін жасауда суретші үлкен жетістікке қол жеткізді. Жалпы бейнелеу өнерінің өзге де түрлерінде кескіндеме немес мүсінде болсын Махамбет батырдың бейнесін керемет етіп, әр қырынан сомдалған туындылар баршылық. Әйтсе де, Мақымның «Махамбеті» өзіндік ерекшеліктермен айқындала түседі. Осы орайда суретшінің бірер парақтарына қысқаша тоқталып өтейік. Жүріп келе жатқан Махамбет тұлғасының алыптығы соншалық, жазықтықтың жоғарыдан төмен барлық бөлігінде бейнеленген. Батыр үстіне шапан жамылып, аяғына биік қонышты етік, белдігіне байланған қылыш, сол қолында кітап ұстаған кейіпте. Яғни, суретші Махамбетті киім үлгісі, қару-жарағы арқылы батыр ретінде, сонымен қатар кітапты бейнелеуде ақындық қырын көрсеткен. Желбіреген шапанның бір ғана қою қара түстілігі батырдың алып денесін бірінші жазықтыққа айқындап тұр. Сонымен қатар суретші композицияны шешуде бейтарап фонды қолдануы көрермен назарын тек батыр тұлғасына ерекше аударуға негіздеген. Махамбеттің отты жанарынан, ірі кескінді жазық маңдайынан, батыр жүрісінің екпінінен рухы күшті көшбасшы көрініп тұр. Міне, бұл графикалық парақта суретші батырдың бойындағы қасиеттің бір қырын ашып көрсеткен. Келесі шығармада көрерменнің көз алдына тақала, күрделі ракурста өте ауқымды, алып денелі Махамбеттің бейнесі. Оң жақ иық бөлігіндегі домбыраны тартып, терең ойға шомып толғаныс, тебіреніс күйін оның жұмылған көзінен байқауға болады. Жоғарғы оң жақ бөлікте қазақ халқының еркіндігін білдіретін кең-байтақ далада құйындай жүйткіген жылқылар батырдың жүрегінен шыққан домбыраның тулаған әуенімен қатарласа керемет үйлесім тапқан. Сондай-ақ парақтың сол жақ жоғарғы бөлігіндегі бірер қисық сызықтар қар басқан тау шыңдарын білдіреді. Бұл шығармада Махамбеттің сезімге толы рухани жан-дүниесі сырт өмірмен іштей байланыста. Үшінші топтамада шығыстық дәстүр бойынша екі аяғын айқастыра, малдас құрып отырған, екі иығын тік ұстаған өзіне сенімді, парасатты, білектері күшке толған батыр бейнесі. Оң қолында қалам, ал сол қолымен тізесін таяна отырған кейпі батырдың өр мінезді, өткір тілді тұлға екенін сездіреді. Әр бөлікте алыптың бойындағы түрлі қасиеттері тереңінен зерттеліп, Махамбеттің рухы күшті ақындық, батырлық, ерлік, азаматтық кескін-келбеті көрініс тапқан.
Мақымның шығармашылық жолындағы алғашқы туындыларының бірі – линогравюра әдісінде орындалған «Тағы да күн шығады» (1968) графикалық парақтары. Ақ қағаз бетіндегі алуан түрлі дақтар, нүктелер, күрделі сызықтар графикалық парақтардың негізгі құрамдас бөлігі. Олар өзара алуан түрлі жолмен байланысады, бірін-бірі толықтырады, жалғастырады, қиылысады. Бұл сызықтармен таңдаулы форманы айрықша, әрі нақты айқындау негізгі композицияны құрастыруда аса қажетті. Осы құбылыстардың барлығы Мақым шығармаларында айқын көрініс тапқан. Автор жоғарыда аталып өткен «Тағы да күн шығады» композициясында адам өмірмен қоршаған ортаның тығыз байланысын, табиғаттың сұлулығын, түр-түсін ақ пен қара – екі түс арқылы ашып көрсетеді. Шығыстан шуағын шашып күн көтерілгенде адамдар күнделікті тіршілігін бастайды. Бірі төрт-түлік малды өріске айдап, екіншісі таңмен таласа су тасып, үй шаруасына кіріседі. Суретші әр топтамадағы кейіпкерлерін осы кеңістіктегі басқа дүниелермен салыстырғанда анағұрлым ауқымды, қонымды ірі етіп көрсеткен. Яғни, суретші барлық күштердің негізі – адам деп сенген. Сол адам бейнесін сомдауда, оны басқа қырынан танытуда суретші келесі бір «Бір өмірдің бейнелері» (1974) топтамасын жазады. Бұл шығарма бірнеше парақтардан тұратын Мақым шығармашылығындағы ерекше туындының бірі, туған-туыстарының портреттері: «Ана портреті», «Ләйлә» және «Махмұт». Үш туынды да Сенеждегі тамаша графика шеберханасы бар Суретшілер одағының шығармашылық базасында автолитография тәсілімен орындалған. Әр бөлікте суретші тастың қаттылығына қарамастан кейіпкерлерінің мінез-құлқын шебер оя білген. «Ана» атты бөлікте суретші өз анасының образы арқылы бүкіл қазақ халқының анасының бейнесін ашып көрсеткен. Алыстағы ұлынан алған хатын оқу сәті, оның көзіндегі мұңы, сағынышы шебер көрсетілген. Ал Ләйлә образын суреттеуде суретші ерекше көңіл-күйді ақ және қара жеңіл штрихтар арқылы керемет сездірген. Кейіпкердің толқынды бұйра шашы, ірі денесі, отырған аса күрделі отырысы басын солға бұрып қабырғаға тақай көзін жұмып өткен өмірін, не бір өткен оқиғасын, алыстағы жолдасын еске түсіріп терең ойға батқан күйін оның екі қолын екі жаққа бос тастауынын яғни еркін денесінен, жұмылған көзінен анық байқалады. Үшінші бөліктегі Махмұт бейнесінде аталып өткен екі туындыға тән көңілсіздік, мұңлы күй айқын ашыла түседі. Суретші өз жақындарының мінез-құлқын танытуда, жалпы адам баласының көңіл-күй, сана-сезім, дүниетанымға байланысты көзқарасын, толғаныстарын күнделікпен бөлісіп отырған: «..ішкі дүниең бос немесе солқылдақ болмауы маңызды. Әрбір күнде, сенің өміріңдегі соңғы күн секілді, сондай жеңіл әрі адал еңбек етуің маңызды. Саған ешкім жүктемеген қарыздар мен міндеттерді өз мойныңа алма. Ұйқыдан ояна салып, жаңа күніңе шүкіршілік ет және бұл күнмен саған келетіндердің бәріне риза боламын деп өзіңе-өзің уәде бер...» – деген әсерлі жолдарынан Мақымның әр күнін бағалауын, өмірге деген үлкен махаббатын, талпынысын аңғаруға болады. Суретші, керемет тұлға келер ұрпаққа ой тастайтын, шабыттандыратын, белсенділігін арттыратын осындай ғажайып пікірлерін қалдырған.
Өмірді бағалауда өз ғұмырының қысқа боларын сезгендей үнемі жанталаса жұмыс істейтінМақым Қисамединов үлкен жауапкершілікті қажет ететін топтамаға кіріседі. Ол линогравюралық топтамасы – немістің ұлы ақыны И.В. Гете (1749-1832) шығармашылығының ең биік шыңы «Фауст» (1980) атты философиялық драмасына арналған жеке дара шығарма. Жалпы кітап көркемдеу өнері – соның ең негізгілерінің бірі – көркем безендіру, яғни сыртқы өңдеу мәселесі. Кітаптың мұқабасына, атау бетіне, ішкі бөлімдеріне, тарауларға алуан түрлі суреттер салынады, тіпті, ешқандай арнайы сурет, өрнек болмаған күннің өзінде шырайлы кейіпке келтіру қажет. Кітап өңдеудегі тізбектелген барлық жұмыс – суретшілер қауымына тиесілі. Осы орайда суретші Мақым Қисамединовтің кітап безендіру ісінде қалдырған еңбектері көрерменді өмірді терең түсінуге, тазалық пен шындықтан көңілге қонымды әсер алуға үндейтін таңғажайып дүниелер. Ол тізімдегі жоғарыда аталып өткен «Фауст» кітабын безендіруге арналған композицияда суретші өзінің осы драманы оқу сәтін көрсетуімен ортаңғы бөлікте Гетені бейнелеуден бастап, кейінгі бөліктерде оқиға желісі бойынша әр образды өзіндік ерекшеліктерімен бедерлеген. Сонымен қатар оқиғадағы адамдардың көңіл-күйін табиғатпен ұштастыра отырып тек екі түстің – ақ, қара реңдері арқылы өте шебер көрсеткен. Шығарма мазмұнын терең аша отырып, суретші әр бөлікте драманы оқу барысында Фауст, Мефистопель, Маргарита тағы басқа кейіпкерлердің басынан өткен қуаныш пен қайғыға ортақтасқан куәгер ретінде өз автопортретін айқын бейнелеуінен көруге болады. Осы шығарма «Кітап өнері» атты Бүкілодақтық конкурста жоғары сапасы үшін бірінші дәрежелі дипломға ие болады. Аталмыш драманы иллюстрациялау суретшінің соңғы туындыларының бірі еді.
Аса дарынды суретшінің әрбір шығармашылық туындысынан өзінің тұлғалық мінезі ерекше танылады. Осы орайда Мақым Қисамединовтің күнделігіне көз жүгіртсек өзінің өмірі мен өнеріне мінездеме берген қара сөзінде: «...Суретшінің білімі өте терең болуы керек... Диқан тәрізді жердің иісін сезінуі және Кампанелла тәрізді үнемі өзінің күн сәулелі қаласын көре алуым шарт...» – деп жазған. Міне, бұл жолдардан Мақымның өнерге деген құштарлығы мен көздеген мақсат-мұратына жете білетін қайсар мінезді жанды байқаймыз.Қысқа ғана жиырма жылдық шығармашылық ғұмырында артына өзінің құнды графикалық парақтарын қалдырып кетті. Бір ғана Махамбет батырдың бейнесі немесе өзге көптеген шығармалары арқылы Мақым Қисамединов – жиырмасыншы ғасырдағы қазақ бейнелеу өнерінде танылып, мадақталған жаңа бір тұлға ретінде үлкен санатқа енген суретші болып өнерсүйер қауым, ұрпақ жадында мәңгі сақталады.